Путин Ақтау маңында құлаған әзербайжандық ұшаққа не үшін зымыран атылғанын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Путин Ақтау маңындағы ұшақ апатының негізгі себебін атады / фото: Kursiv.Media мұрағаты
Путин Ақтау маңындағы ұшақ апатының негізгі себебін атады / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Путин Ақтау маңында құлаған әзербайжандық ұшаққа не үшін зымыран атылғанын айтты. «Әуеде украиналық ұшқышсыз аппарат» болыпты.

Interfax ақпаратына қарағанда, Ресей президентінің айтуынша, 2024 жылы желтоқсан айында Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің зымырандары ұшақты тікелей атпаған. Тек ол шамамен он метр қашықтықта жарылған.

«Қазір бұл қайғылы жағдайдың себептері туралы жалпы айтуға болады. Біріншіден, әуеде украиналық дрон болған. Біз Ресей Федерациясының шекарасын кесіп өткен үш ұшқышсыз ұшу аппаратын бақылай бастадық», – деді ол Тәжікстан астанасы Душанбеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу кезінде.

«Екінші себеп – Ресейдің әуе қорғаныс жүйесіндегі техникалық ақаулар. Екі зымыран тікелей ұшақты соқпаған. Соққанда, ол сол жерде құлаған болар еді. Бірақ олар шамамен он метр жерде жарылды. Мүмкін, бұл өздігінен жойылу механизмі болған шығар», – деп жалғастырды Путин.

Оның сөзінше, ұшаққа жарылғыш бөліктерден емес, зымырандардың сынықтарынан зақым келген.

«Сол себепті ұшқыш бұл жағдайды құстар тобына соқтығысу деп ойлап, ресейлік диспетчерлерге хабарлаған. Мұның бәрі «қара жәшіктерде» тіркелген», – деді ол.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Қазақстандағы Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған еді. Ұшақта 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Қазақстанның ТЖМ мәліметінше, 29 адам тірі қалған.

Айта кететін жайт, Ресей компаниясы Ақтаудағы ұшақ апаты үшін Azerbaijan Airlines-қа өтемақы төледі.

Сондай-ақ оқыңыз