Әлеуметтік желідегі шағымнан кейін, Шардараның имамы өз еркімен жұмыстан кетті

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов әлеуметтік желіде өзіне қатысты жасалған шағымнан кейін қызметінен кетті. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

Мұның алдында Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округіне қарасты Қонар ата мешітінің азаншысы болған Жүніс Сартаев әлеуметтік желіде ауданың бас имамына қатысты мәлімдеме жасаған. Оның сөзінше, Асанов 1 жыл 8 ай бұрын өзін аудан мешітіне жұмысқа шақырған.

«Мен осы жерде азан айтамын. Намаздан кейін имамдыққа шығамын. Жұманың уағызына шығамын. Сыртқы істерде жаназаға барамын, неке қиямын, дем саламын. Дін істеріне араласып жүрмін. Келгелі бас имамның бір жерге шыққанын көрген жоқпын. Тек жұманың уағызына жылына екі, үш рет шыққанын көрдім. Мешіттің жанында телефон шұқылап жатады. Қасына ешкімді жолатпайды», – дейді ол.

Сартаевтың сөзінше, ай сайын мешіттің коммуналдық төлемдері келгенде, бас имам қысым көрсетеді. Жамағаттан WhatsApp-тағы чатқа жазып, ақша жинатады.

«Мен жамағаттан ақша жинаймын. Коммуналдық төлемдерді төлеймін, чектері өзімде бар. Жамағат садақадан, мешіттің құрылысына түскен ақшадан неге төлемейсіңдер деп сұрайды. Оны бас имамнан сұрасам, ол бізге ұрсады. Шәкірттердің көзінше балағаттаған кездері бар. Біз оған ештеңе дей алмаймыз. Бұл жағдайларды Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповке айтқан едім, ол кісі шара қолданып жатқан жоқ. Сол үшін мен бас муфтиден шара көруіңізді сұраймын», – дейді азаншы Сартаев.

Сартаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасына Шардара ауданының бас имамы Мұрат Асанов өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, аталған жағдайды әділ әрі объективті түрде қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов қызметінен босату туралы өтініш бергеніне байланысты қызметінен босатылды» делінген муфтият мәлімдемесінде.

Сондай-ақ оқыңыз