Шымкентте жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апатына байланысты іс қозғалды

Шымкентте жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Kursiv.Media-ға қалалық полиция департаменті хабарлады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жол көлік оқиғасына қаладағы №1 бекеттің №4 бригадасында жұмыс істейтін дәрігер, фельдшер және жүргізуші түскен. Олар шақыртуға жедел жетуге тырысқан.
«Жедел жәрдем көлігі арнайы жарық шамдары мен дыбыс белгісі қосулы күйде қозғалған, көлік ішінде науқас болмаған. Шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігі Бәйдібек би даңғылы бойында автобетон араластырғыш жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында қызметкерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін олар «№1 Қалалық клиникалық ауруханаға» жеткізілді. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты, тиісті ем жүргізілуде» делінген басқарма хабарламасында.
Оқиғадан кейін басқарма бастамасымен медициналық ұйымдардағы барлық қызметтік және санитарлық көліктердің жүргізушілеріне арнайы нұсқаулықтар мен қауіпсіздік ережелері бойынша қосымша нұсқама өткізу тапсырылған. Сонымен бірге төтенше жағдайларда көлікті қауіпсіз басқаруды қамтамасыз ететін экстремалды жүргізу тактикасы бойынша оқыту жұмыстары ұйымдастырылатыны хабарланды.
Айта кетейік, 8 қазан күні Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы бойынша жедел жәрдем көлігі мен жүк көлігінің соқтығысқаны туралы видео әлеуметтік желіде тараған еді.