Алаяқтар Дастан Сәтпаевтың атынан фейк аккаунт ашып, ақша жинап жатыр

Футболшы Дастан Сәтпаевтың атымен Instagram желісінде жалған аккаунт пайда болды. Белгісіз тұлғалар спортшының суреттері мен жеке мәліметтерін пайдаланып, қайырымдылық мақсатында деп халықтан ақша жинамақ болды.
Дастан Сәтпаев өз парақшасында бұл жағдайға қатысты арнайы ескерту жасап,
«Фейк аккаунт, ақша жібермеңіздер!!!» деп жазды.
Фейк парақша @dastan_satpayev9 деген атпен тіркелген. Онда футболшының суреттері, видеолары мен клубтағы өмірінен алынған жазбалар жарияланған. Көптеген жазылушыны шатастырып, парақша шынайы көрінуі мүмкін.
Алайда ресми аккаунт @d.satpayev, онда 200 мыңнан астам жазылушы бар.
Еске сала кетейік, бүгін 10 қазан күні Қазақстан құрамасы Лихтенштейнмен кездеседі. Алайда бұл ойынға Дастан жарақатына байланысты қатыса алмайтыны белгілі болды.