Ислам қаржыландыруы: пайызсыз несие ме, әлде әділ сауда ма

Бүгінде жұртшылық арасында Ислам банктері несиені «пайызсыз береді» деген қате түсінік бар. Алайда тегін ақша еш жерде жоқ екені белгілі. Осыған орай Астанада Ислам қаржыландыруы тақырыбында журналистерге арналған жиын өтті. Қаржыгерлер тілшілерге жүйенің ерекшелігі неде екенін, не себепті көпшілік қаржыландырудың бұл түрін түсінбей жүргенін, бұл жүйемен азаматтарға несие қалай берілетінін түсіндіріп берді.
Ислам қаржысы жайлы аңыз көп
Ислам қаржыландыруы – бұл шариғат қағидаларына негізделген қаржы жүйесі. Ол пайыздық табысқа (риба) тыйым салып, қаржылық қатынастарды әділдік пен тәуекелді бөлісу принципіне қарай құрады. Яғни, мұнда ақша сауда немесе нақты экономикалық қызмет арқылы ғана табыс әкеледі, ал жай несие беріп, үстінен пайыз алу заңсыз болып есептеледі. Бұл жүйеде инвестиция тек халал, яғни қоғамға пайдалы, шариғатқа қайшы келмейтін салаларға салынады. Мысалы, алкоголь, құмар ойындары, шошқа еті өндірісі немесе қару-жарақ саудасы сияқты бағыттарға мүлде ақша бөлінбейді. Мұндай қаржыландыру түрінде банктер мен инвесторлар клиенттермен серіктес ретінде әрекет етеді. Табыстар мен шығындар екі тарап арасында келісімге сай бөлінеді. Осылайша, ислам банкингі тек қаржы құралы емес, сонымен қатар экономикалық қатынастардағы моральдық жауапкершілікті күшейтетін жүйе болып саналады.
Парламент Мәжілісінде қазір «Банк туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Оның ішінде «Ислам қаржыландыруы терезелерін» ашу нормалары да бар. Егер осы жүйе іске қосылса, Қазақстанның банктері де жүйеге қосылып, серіктестерімен жұмыс істей алады. Бұл жүйе шетелден инвесторларды, серіктестерді тартуға да үлкен көмегін тигізеді.
Қазақстанда бұл жүйемен жұмыс істейтін банктердің бірі – Zaman Bank. Оның басқарма төрағасы Гүлфайруз Асаеваның айтуынша, жеке тұлғалар үшін 3 миллион теңгеге дейін, 5 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру жүйесі жолға қойылғанын айтады. Бұл пайыздық несие емес, адал тауарлық мурабаха келісімі. Жинақтаушылар үшін «Уакала Zaman» депозиті де бар. Жылдық күтілетін кірістілігі – 20%-ға дейін. «Қаражатыңыз тек халал активтерде жұмыс істейді, барлығы барынша ашық» дейді банк төрағасы. Бизнесті қолдау үшін — шағын және орта кәсіпкерлікке 10 миллион теңгеге дейінгі қаржыландыру тетігі бар. Түсінікті әрі әділ шарттар, жасырын комиссияларсыз ақша беріледі. Достар үшін рефералдық бағдарлама деген бар.
«Нарыққа шыққан сәтте-ақ бізге бірден көп ұсыныс келді. Сол кезде бізге бір нәрсе анық болды: исламдық қаржы туралы әлі де көптеген дақпырт пен стереотип бар екен. Біреулер оны тым күрделі деп ойлайды, енді біреулер — тек мұсылмандарға арналған деп есептейді. Ал шын мәнінде, исламдық банкинг — бұл адалдық, ашықтық және адамға деген құрмет. Біздің миссиямыз — исламдық қаржының заманауи әрі баршаға ыңғайлы бола алатынын түсіндіру және оны іс жүзінде көрсету», – дейді Гүлфайруз Асаева.
Тиімді болса неге барлық банк жүйеге қосылмады
Журналистерге бұл жүйе жайлы толық мәлімет берген спикердің бірі – Республикалық мешіттің ұстазы, АХҚО-ның Шариғат кеңесшісі, Zaman Bank-тің ислам қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесінің төрағасы Мақсатбек Қайырғалиев. Ол Қазақстан Орталық Азия аймағында Ислам қаржыландыруы бойынша бірінші болып заңнамаға өзгерістерді енгізгенін айтады. Одан бері бірнеше банк Қазақстанға «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы тіркеліп, бүгінде жұмыс істеп жатыр. Қазақстан тұңғыш рет Ислам қаржылары саласында аймақта Ислам құнды қағаздарын шығарды. Сонымен қатар, мекемелердің жұмысын ары қарай дамыту үшін консалтинг жүргізетін компаниялар – инфрақұрылым дамып келе жатыр.
««Ислам терезелері» деген – халықаралық тәжірибе. Бізде көптеген тұтынушылар ипотекалық қарыз алуға мүдделі. Бірақ оның ішінде ең бірінші Отбасы банктің ішінен Ислам терезелерін ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бірақ заңнамаға өзгерістер енгізгеннен кейін басқа қаржы нарығындағы мекемелер де соны пайдалана алады. Егер инфрақұрылым дамыса, шетел инвесторларының да бірігіп, Ислам қаржы ұйымдарын ашу мүмкіндігі кеңейеді», – дейді ол.
Осыдан кейін Мақсатбек Қайырғалиев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді.
– Ислам қаржыландыруы арқылы банктер несиені сонда пайыз қоспай бере ме?
– Пайыз деген – математикалық санат. Ол барлық жерде бар. Мен бір нәрсені алып, 10 теңгеден 11 теңгеге сатсам, 1 пайыз – математикалық санатқа жатады. Ислам қаржыларында да пайыз бар, бірақ өсімқорлық пайыз жоқ. Ислам қаржы жүйесінде ең негізгі мәселе – ақшаны беріп, оның орнына тағы ақша алу емес, тауар немесе қызмет күйінде беріп, сол үшін төлем алу болып саналады. Тұтынушылық кредиттеу бұл жүйеде өте аз дамыған. Қазақстанда қазір бір нәрсені алып, сатсаң, үстіне қосымша құн салығы қосылады. Ол Ислам қаржы нарығындағы банктер немесе мекеме болсын, тұтынушыларға беретін ақшасын қымбаттатып жібереді.
– Қазір Ислам қаржыландыруы дегенді азаматтар «мүлде пайыз қосылмайтын кредит» деп түсініп жүр. Сіз пайызды – математикалық есеп деп атайсыз. Ислам қаржыландыруын енгізген банк 20 млн теңгелік үйді клиентке берсе – математикалық есеп бойынша үстінен қанша ақша қосып қайтартады?
– Сіз мынадай сұрақ қойып жатырсыз: бір жерде халал емес, екінші жерде халал шұжық сатып жатыр. Халал шұжықтың бағасы қанша болуы керек? Нарықтағы бағасы қанша болады – сол бағаны сұрайды. Сіз дүкенге барғанда халал шұжық арзан болады деп айтпайсыз ғой. Ипотека бойынша мәселені нарық реттейді. Ол тегін емес. Ипотека жайын банктің өкілінен сұрау керек.
Ислам қаржыларында ішімдіктер мен құмар ойындарға қатысты болса немесе соған қатысты бизнестер болса, оған ақша бөлінбейді. Мысалы, Ислам банкінен карта ашсаңыз, алкомаркеттен кока-кола да ала алмайсыз. Өйткені төлем өтпейді.
– Егер Ислам қаржыландыруы тиімді болса, неше жылдан бері не себепті біздің банктер сол жүйеге кіріп алмады? Заман банкті, мәселен, көп адам біле бермейді. Жаппай банктердің бұл жүйені қолдана кетпеуінің себебі неде?
– Қазақстанда дәстүрлі, исламдық емес банктер қаншама, ал Заман банк болса, екі қалада жұмыс істейді. Алпауыт банктердің әр облыс түгілі әр ауданда, тіпті ауылдарға дейін филиалы бар. Ақшасы көп. Қай бағытта да пайдалана алады. Ал екінші банк өз ақшасын айналдырып отыр. Бұл өте қиын. Сондықтан, терезелер шықса, инфрақұрылым дамиды. Егер инфрақұрылым ашылса, барлық банктер Ислам қаржыландыруы жүйесіне кіре алады.
– Ал банктер бұл жүйеге кіруге қаншалықты құмар?
– Сұраныс ұсынысты тудырады. Ұсыныс болғаннан кейін банктер ғана емес, микроқаржылық ұйымдар да, инвестициялық қорлар да үлкен қызығушылық танытып отыр.
– Ислам қаржыландыруы жүйесіне қосылған Заман банктің мобильді қосымшасына кірсек, 1 млн теңге қарызды бір жылға есептесек, қайтарымы 1,2 млн теңге болып тұр екен. Үстіне 200 мың теңге қосылған. Сонда бұл жүйенің қарапайым банктерден айырмашылығы неде деген сұрақ туындап тұр ғой? Тек терминдер ме?
– Бір нәрсені алып, оны мен сізге қайтадан сатам. Сіз маған көлік керек дейсіз. Нарықта қазір адамдарға көлік керегі жоқ. Олардың проблемасы айлықтарын төлей алмай, салықтарын төлей алмай жатыр. Соған сай Ислам қаржыландыруына сәйкес, келетін бір ақша алатын мүмкіндік болса деп өздері көп хабарласты. Халықаралық Ислам қаржыларының стандарттары бар. Солардың ішінде тауарлы мурабах деген қызметі бар. Оны тек дамып жатқан нарықтарға рұқсат береді. Соны біз кіргіздік. Оның мақсаты – сіз онлайн режимде тауарды сатып аласыз да, онлайн режимде сатасыз.