Заман ағымына ілесе алмаған компанияның ғұмыры ұзаққа бармайды – Джефф Хоффман

Priceline компаниясының негізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер Джефф Хоффман Алматыда өткен New Vision Forum 2025 аясында табысты команда құрудың құпиясын айтты. Сонымен қатар жергілікті мәдениетті құрметтеу және сол ортаға бейімделудің маңызына тоқталды.
Талант кез келген ортада бар
Хоффманның пікірінше, мықты адамдарды тек жұмыс іздеп жүргендер арасынан ғана емес, әртүрлі ортадан табуға болады.
«Бірде мейрамханада отырғанымда, даяшының қызметі ерекше ұнады. Ол «тағы бірдеңе керек пе?» деп сұрағанда, мен әзілдеп «иә, сенің түйіндемеңді» дедім. Ол шынымен асүйден өз резюмесін алып келді. Мен оны сол жерде жұмысқа алдым, кейін ол тамаша қызметкерімізге айналды. Талантты адамдарды қайда барсаң да іздеуді тоқтатпау керек», – деді кәсіпкер.
Бизнес мәдениеті: әр адамға құрметпен қарау керек
Кәсіпкердің айтуынша, табысты бизнес тек қаржы мен стратегияға емес, адамға деген көзқарасқа да байланысты.
«Қызметкер жұмыстан кетсе де, оны құрметпен шығарып салған дұрыс. Егер клиент ашулы болса, біз оған ашумен жауап бермейміз. Ең басты қағида – әрдайым сыпайылық сақтау. Бұл ұзақ уақыт алатын жол, бірақ соңында жеңіс әкеледі», – деп атап өтті ол.
Хоффманның компаниялары бүгінде 200 елде жұмыс істейді. Ол кез келген елде жергілікті мамандардың рөлі шешуші екенін айтты.
«Біз бәрінен артық білеміз деп ойламаймыз. Мысалы, Қазақстанда жұмыс істесек, міндетті түрде қазақстандықтарды жұмысқа тартамыз. Ал кей компаниялар өз ережесін таңады. Бірақ табысқа жетудің жалғыз жолы – жергілікті адамдармен серіктес болу», – деді кәсіпкер.
Бейімделе алмаған бренд ұзақ өмір сүрмейді
Кәсіпкер заман өзгерісіне бейімделудің маңызын музыкалық индустрия мысалында түсіндірді.
«Бұрын бәріміз музыка сатып алатын ірі брендтердің бәрі қазір жоқ. Себебі олар бейімделмеді. Мен сол компаниялардың басшыларымен сөйлесіп, «бұл – MP3, болашақтың форматы» дегенімде, олар «біз индустрияны басқарамыз» деді. Ал қазір олардың ешқайсысы жоқ. Уақытпен бірге өзгермеген бренд ұзақ өмір сүрмейді», – деді Хоффман.
Бұған дейін ол Z ұрпақ әлеуметтік жауапкершілігі бар компанияларды таңдайтынын айтқан.