Халық қарызы көбейді: мемлекет 2026 жылы шектеу қояды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Несие шектен шықты: Үкімет жаңа тетік енгізеді / Фото: kursiv.media

Қазақстанның Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі халыққа берілетін несиелердің шамадан тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою үшін жаңа ережені биыл қабылдаған. Енді банктер жеке адамдарға беретін несиелер бойынша қосымша «қауіпсіздік қоры» — контрциклді буфер деп аталатын қаржылық қор құрылады.

Бұл қор банктердің өз капиталының шамамен 2 пайызын құрайды. Яғни, әр несие берілген сайын банк сол көлемнің белгілі бір бөлігін резервте ұстап отырады. Бұл талап 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. Мұндағы мақсат – банк жүйесінің тұрақтылығын сақтау және халықтың шамадан тыс қарызға батып кету қаупін азайту болып отыр.

Мұндай шара не үшін қажет

Қазір Қазақстандағы банк жүйесі жалпы тұрақты: банктердің қаржысы жеткілікті, табысы бар, несие қайтарымы жаман емес. Бірақ жеке адамдарға берілетін несиелердің қарқыны тым жоғары болып тұр. Ұлттық банк, мәселен, халыққа берілген жалпы несие мөлшері 25 трлн теңгеден асқанын хабарлайды. Мысалы, соңғы үш жылда халыққа берілген несиелер көлемі жыл сайын орта есеппен 27% өсіп келеді. Ал бизнеске берілетін несиелер тек 17% шамасында ғана артқан.

Ең үлкен өсім тұтынушылық несиелерде — яғни телефон, көлік, тұрмыстық техника сияқты заттарды сатып алуға алынған несиелерде байқалады. Мамандар мұны «несие нарығының қызып кетуі» деп атайды. Егер бұлай жалғаса берсе, адамдардың қарызы көбейіп, банктерге тәуекел артады.

Жаңа тетік қалай жұмыс істейді

Халықаралық тәжірибеде мұндай «буферлер» банктерге тұрақсыз кезеңдерде тірек болу үшін енгізілген. Қарапайым тілмен айтқанда, банктер жақсы кезеңде пайдасының бір бөлігін «қорға» жинап, қиын уақытта сол жинақты пайдалана алады. Мұндай жүйе 20-дан астам Еуропа елінде, сондай-ақ Грузия, Армения, Ресей сияқты мемлекеттерде де бар.

Қазақстанда енгізілетін жаңа буфер — тек халыққа несие беру бағытына қатысты. Бұл банктерге бір жыл дайындық уақыты берілген. Олар бұл талапты өз қаржысы есебінен орындауы тиіс.

Айта кетейік, Қазақстандағы банктердің қайтарылмай жатқан қарызы жылдан-жылға көбейіп барады. Ұлттық банктің дерегінше, қыркүйек айының басында төленбеген мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің (NPL 90+) көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз