600 мың теңгелік торт дауы 28 елге тарап кетті – Аселина Батырдың адвокаты

Құрақшы-блогер Аселина Батырдың адвокаты Ғазиза Әмірбекова торт дауы әлемнің 28 еліне тарап кеткенін айтты.
Оның сөзінше, Аселина өзін блогер деп санамайды.
«Аселина – шетелде Қазақстанның дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген адам», – дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, кондитер Threads платформасында күніне 5-6 жазба жариялаған. Ал оның жазбаларын Әмірбекова жалған деп атады.
Оның сөзінше, бұл «кибербуллинг» 28 елді қамтыған, оның ішінде Латын Америкасы, Мексика, Өзбекстан және АҚШ бар.
«Бұл істі қоғам санасына әсер ету мақсатында өздері қозғады деп есептейміз. Желіде жазылушылар санын арттыру үшін жасаған болуы да мүмкін», – деді Әмірбекова.
Астанада құрақшы-блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау бойынша азаматтық іс қаралып жатыр. Азаматтық талап арызда моральдық шығын ретінде 3 млн теңге және торттың қалған сомасы 500 мың теңге өндіріп алғысы келетіні көрсетілген.