Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыс болды

Ауғанстанның «Талибан» үкіметі Пәкістан армиясына қарсы шекара маңындағы бірнеше тау аймағында соққы бергенін растады. Бұл туралы BBC хабарлады.
Кабул таратқан мәлімдемеде бұл әрекет «жауаптық операция» деп сипатталған. «Талибанның» айтуынша, бұған дейін Пәкістан әскерилері Ауғанстан аумағына кіріп, бейсенбі күні Пактика провинциясындағы базарды бомбалаған.
Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви бұл шабуылдарды «ешқандай арандатусыз жасалған агрессия» деп атап, Ауғанстанды бейбіт тұрғындарға оқ атты деп айыптады. Ол сондай-ақ Пәкістан өз азаматтарын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Пәкістан тарапы «Талибанды» өз елінде лаңкестерді паналатып отыр деп айыптайды, ал Ауғанстан бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
BBC дерегінше, екі тарап оқ атқыш қару мен артиллерияны қолданған. Қақтығыстар Куррам ауданы мен оның айналасындағы Ангур-Ада, Баджаур, Дир, Читрал және Бахрамча аймақтарында болған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, Ауғанстан жағынан ауыр қарудан атқылау сағат 22:00 шамасында басталған және бірнеше нүктеде қатты атыс естілген.
Бұған дейін «Талибан» үкіметі Пәкістанды Ауғанстанның егемендігін бұзды деп айыптаған еді. Кабулда екі жарылыс орын алғаннан кейін, ауған Қорғаныс министрлігі Пәкістан авиациясы бейбіт базарды бомбалады деп хабарлаған.
Пәкістан генералы өз кезегінде Ауғанстанның аумағын террористердің шабуыл жасау базасы ретінде пайдаланып отырғанын айтқан.
Қақтығыс Ауғанстан сыртқы істер министрі Амир Хан Муттакидің Үндістанға сапары кезінде ушығып отыр. Делиде Үнді билігі Кабулдағы елшілікті қайта ашу жоспарын жариялаған болатын.
Пәкістанның ішкі істер министрі Накви әлеуметтік желіде:
«Ауғанстан от пен қан ойынын бастап отыр. Ол лайықты жауап алады», — деп жазды.
Аймақтағы шиеленіске Сауд Арабиясы мен Катар алаңдаушылық білдіріп, екі елді сабыр сақтауға және диалог орнатуға шақырды.