Жолақысын 500 теңгеге көтеруді ұсынған Байділденов сынның астында қалды

Жарияланды 13 Қазан 2025 09:07

(жаңартылды 13 Қазан 2025 18:53)
Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
3,2 млн теңгенің күртесімен мақтанған Олжас Байділденов / фото: threads.com/@baurem

«Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры Қоғамдық кеңесінің мүшесі, мұнай сарапшысы Олжас Байділденов Астана мен Алматыда жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысынан кейін қоғам сынына ұшырады.

«Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге тұруы керек (бұған дейін Мәслихат сессияларында 450 теңгеге көтеру мәселесі айтылған). Алматыда ғана былтыр автобуспен жолаушы тасушыларға 200 млн долларға субсидия бөлінді. Сапаның артқанын байқаған адам бар ма?» – деп жазған сарапшы өткен аптада ғана.

Оның пікірінше, бұл саладағы бағаны да нарық анықтауы тиіс, ал жолаушылар ақыны жолдың қашықтығына қарай төлеуі керек.

Байділденовтің осы ұсынысы әлеуметтік желілерде әлі талқыланып жатыр. Белсінділердің кейбірі оны қызметтен алуды да талап етті. Тіпті, энергетика министрлігі мұндай азаматтың Отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің құрамында жоқ екенін айтып, бір күн бұрын тізімді ресми сайтына жариялады. Өйткені баспасөздің кейбірі оны осы кеңестің мүшесі ретінде таныстырған.

Олжас Байділденов Instagram-дағы парағында өзін Алмэкс Жобасының басшысы, Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің, Сенат жанындағы сарапшылар клубының, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кеңесінің мүшесі мүшесі ретінде таныстырған. Қазір оның инстадағы парағы жабық тұр.

Олжас Байділденов / фото: threads.com/@baurem

Алайда көпшілік наразылығы осымен біте қойған жоқ. Threads әлеуметтік желісінде оның бағасы қымбат бренд киімдер сатып алғанын сөз етіп жатыр. Суреттерде Байділденовке қатты ұқсайтын адам Gucci-ден 1,2 млн теңгенің күртесімен, 556 мың теңгенің жейдесімен мақтанған. Ол жұрт көрсін деп, тауар бағаларын бөлек жариялаған.

«Күртенің құнына қарағанда, ол ақшаға қоғамдық көлікте 10 жыл бойы жүруге болады. Құзырлы органдар оның табысын тексермей не істеп жүр?» – деп жазып жатыр желі қолданушылар.

Қазір қоғамдық көліктердің жолақысы Астанада 110 теңге, Алматыда 120 теңге тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде де Байділденов орынсыз ұсынысымен көпшіліктің ашуына тиген. Сол кезде ол автогаздың қымбаттауына наразы халыққа «қоғамдық көлікпен жүруге» кеңес берген.

Сондай-ақ оқыңыз