«Мені құтқарыңдаршы»: Қытайда ұсталған қазақстандық көмек сұрады

Қытайда Қазақстан азаматы Бүркіт Аман ұсталды. Оның туған-туыстары ел билігінен көмек сұрап отыр.
Бүркіт 9 қазан күні Алматыдан Чжэньчжоу қаласына ұшып шыққан. Ол жақта достарымен бірге автосалон ашпақ болған. Алайда екі күннен кейін байланыс үзілген.
«Кеше шешеме қоңырау шалып, «мама, мені құтқарыңдаршы, мен жаламен ұсталдым» деді де, бір минуттан соң қоя салды», — дейді әпкесі Ажар.
Оның айтуынша, Бүркітті босату үшін жергілікті адвокаттар 7 млн теңге сұраған. Анасы қорыққанынан 1 млн теңге аударып жіберген. Қазір екеуі Қытайға ұшқалы отыр.
«Бүркітті екі күн бұрын ұстаған, бірақ достары айтпаған. Тек кеше кешке хабарласты. Олар «төбелес болып, қылмыстық іс қозғалды, көмектесе алмаймыз» деді», — дейді Ажар.
Туыстары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Ведомство өкілдері әзірге «күту керек» деп жауап қайтарған.