Көлсайда шомылған Павел Дуров жауапқа тартыла ма
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Көлсай көлінде шомылған сәті қоғамда үлкен талқылауға себеп болды. Бұл әрекет Қазақстан заңнамасы бойынша тыйым салынған, сондықтан оқиға тіркеліп, тиісті органдарға жолданды.
Табиғатты қорғау полициясының өкілі Алексей Милюктың айтуынша, Көлсай көлі табиғатты қорғау органдарының қатаң бақылауында.
«Заң тұрғысынан бұл факт тіркелді. Біз оның қай бапқа сәйкес келетінін қарадық. Алайда бұл полиция құзыретінен тыс. Хаттама толтыру мен шара қолдану экологиялық органдардың міндеті. Сондықтан материалды тіркеп, экология министрлігіне қарауға бердік», — деді Алексей Милюк.
Енді айыппұл салу немесе құқықбұзушылықты ресми түрде саралау мәселесін Экология министрлігінің комитеті шешеді.
Еске салайық, Павел Дуровтың Көлсай көлінде шомылған видеосы оның Instagram сторисінде жарияланған болатын. Кадрларда мұздай суға түсіп, қар басқан таулар аясында шомылып шыққан. Бұл видео табиғаттың сұлулығына сүйсіндіргенімен, заң бұзған әрекет ретінде қоғамның наразылығын тудырды.