Әскерде сарбаз өлімін тоқтату үшін Қорғаныс министрлігі telegram-бот іске қосты

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде сарбаздар қаза таппауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Депутат Наталья Деменьтева әскерде сарбаз өлімі азаймай тұрғанын айтып, Қорғаныс министрлігінен бейбіт заманда адам қаза таппауы үшін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады.
Жазықбаев әскерге барғандардың ол жердегі шектеулерден психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін екенін айтады.
«Әскери психологтар біліктілікті арттыру курстарынан өте бастады. Қарулы күштердегі ғана емес, жергілікті елді мекендердегі психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндіктерін барынша пайдалану шаралары қабылданып жатыр.
Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде тәулік бойы және анонимді түрде әскери қызметшілер мен олардың отбасына стресс әрі күрделі жағдаймен күресуге көмектесетін Telegram-бот әзірленіп, іске қосылды», – деді Жазықбаев.
Айтуынша, қарулы күштер, басқа әскер түрі мен әскери құрама өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылған. Бұл топ қолданыстағы психодиагностикалық әдістеме өзектілігін арттыру және жаңа, тиімді әдістерді енгізу үшін жұмыс істеп жатыр.
Студенттер көмекке келеді
Жазықбаев психология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің әскери бөлімнен тәжірибеден өтетінін де айтты.
«Республиканың жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп психологиялық әдістемелер әзірлеу тәжірибесі зерттеліп жатыр. Оларды Қарулы күштердің қажетіне бейімдеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Психология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді әскери бөлімдерде тәжірибеден өткізе бастадық», – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметін қарасты Алматы мен Маңғыстау облысы бөлімшесінде сарбаз қайтыс болды.