Депутат Самат Нұртаза министрден жоғалған смартфонын тауып беруді сұрады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөзден

ІІМ ғимаратында өтіп жатқан үкімет отырысында депутаттар ұрланған смартфондар жайлы мәселені көтерді. Тіпті депутат Самат Нұртаза жоғалғанын телефонын полиция әлі таба алмай жатқанын айтып, министрге сауал жолдады.

«1,5 млн камерамыз бар, 58% қылмыс ашылды деп жатырсыз ғой. Қарапайым сұрақ, неге жоғалған, ұрланған смартфондар табылмайды? Сіздің орынбасарларыңыз Лепеха мырза (Игорь Лепеха – ред, ІІМ орынбасары) болсын, Сәрсенов мырза (Сәкен Сәрсенов – ред. ІІМ орынбасары) болсын смартфондарды шашып тастайды да, Қырғызстанға алып кетеді, біз таба алмаймыз дейді…

…Бір жарым жыл болды Есіл аудандық полиция бөлімшесінде менің арызым жатыр. Жарайды, мені қойшы, жалпы қарапайым халық смартфонын жоғалтып алады. Жай ғана телефонымызды таба алмай жатқанда, жоғары, жаһандық мәселелерді айтқан қызық көрінеді екен. Смартфонды қашан табамыз?», – деді депутат министрге сұрағында.

Ішкі істер министр әуелі тырысып жатқанын айтып ақталды:

– Ол көлеңкелі бір жолмен кірген болу керек, шынымен таба алмай жатырмыз оны, – деді.

Одан әрі жауапкершілікті орынбасарларына сілтеді.

«Әрине, кемшіліктер де бар. Өкінішке орай, Лепеха, Әділовтар (Санжар Әділов – ред, ІІМ орынбасары) отыр, аша алмай жүргендер», – деп түйреп өтті.

Бірақ соңында ұрланған смартфондар мәселесін реттей алмай жатқанын да мойындады.

«Жалпы мәселе бар. Камера дейсіз, учаскелік полиция дейсіз. Әрине, кемшіліктер де бар. Өте маңызды сұрақ, негізі. Смартфондарды өткізетін орындар бар, ол жерлерді де қараймыз. Бақылау жүріп жатыр, ол камералар емес, жедел жұмыстың нәтижелері», – деп түйіндеді ішкі істер министрі Ержан Садыров.

Смартфондар ұрлығы азайып жатыр ма?

Бірінші кредиттік бюроның Telegram-арнасы хабарлағандай, биыл қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстанда бар болғаны 2,1 мың ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға аз.

Алайда, мұндай істердің ашылу сапасына да назар аудару қажет дейді сарапшылар. Биыл ұрланған телефон бойынша істердің тек 26%-ы ғана сотқа жолданған. Тағы 26%-ы – «тоқтап тұрған» істер, яғни күдіктіні анықтау мүмкін болмағандықтан тергеу уақытша тоқтатылған. Тағы 23%-ы толық тоқтаған.

Айта кетерлігі, барлық телефон ұрлығының 56%-ы қоғамдық орындарда жасалған. Қауіпсіздік шараларын сауда орталықтарында, көшелер мен қоғамдық көліктерде күшейту осындай қылмыстардың одан әрі азаюына айтарлықтай әсер етуі мүмкін деп түйіндейді бюро мамандары.

Сондай-ақ оқыңыз