«Тәртіпке бағынады»: Бишімбаев жазасын қалай өтеп жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Журналистер Бишімбаевтың тәртібі мен денсаулығы жайлы сұрады/ Фото: kursiv.media архиві

Ішкі істер министрінің орынбасары – қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков экс-министр Қуандық Бишімбаевтың түрмедегі тәртібі жөнінде сұраққа жауап берді.

Ішкі істер министрлігінде өткен жиыннан кейін, журналистер Абай Қайырбековтен Қуандық Бишімбаевтың тәртібі мен денсаулығы жайлы сұраған.

«Денсаулығы жақсы. Денсаулығы жағын айтар болсақ (сотталған азаматтардың денсаулығы) екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігіне берілген болатын. Егер дәрігерлер оны емдеу керек деп шешсе, біз ол ұсынымдарды орындаймыз. Әзірге ондай өтініштер түскен жоқ. Қуандық Бишімбаев сот белгілеген үкім бойынша жазасын өтеп жатыр. Ішкі тәртіптің бәрін сақтайды. Жалпы қылмыстық атқару заңына сәйкес, әрбір сотталған адам өз мекемесінде жұмыс атқарады. Өзінің тұратын жерін тазалықта ұстауы керек», – деді ол.

Қайырбековтің сөзінше, Қуандық Бишімбаевтың бауыры Бақытжан Байжанов әлі түрмеден шықпаған. «Дәл қазір ол қашан шығатыны жайлы сұраққа жауап бере алмаймын, сауал жолдаңыздар», – деді ол.

Еске сала кетейік, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деген айыппен 24 жылға сотталған еді. Ал оның інісі Байжанов «қылмыс жайлы хабар бермеді» деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

2025 жылдың шілдесінде Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз