Түсетін пайда аз: банктер ипотека беруін тоқтатып жатыр ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ипотека
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан банктері ипотека беруін уақытша шектеп жатыр. Өйткені базалық мөлшерлеме 18%-ға көтеріліп, ал 1 қарашадан жылдық тиімді сыйақыны 20 пайыздан асырмау туралы талап күшіне енуі тиіс. Осы ретте Threads желісінде азаматтар банктер ипотека бермей, тіпті алдын ала мақұлданған несиені рәсімдемей жатқаны туралы жазып жатыр.

Мұндай жағдай Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтергеннен кейін орын алды. Сарапшылар негізгі көрсеткіштің қымбаттауын «қаржы нарығы үшін ауыр соққы» деп бағалап отыр.

Жылжымайтын мүлік саласының сарапшы Қайрат Қожановтың айтуынша, Халық банк, Банк ЦентрКредит пен RBK Bank ипотека беруін тоқтатқан.

«Қазір Халық банк ипотеканы тоқтатты. Басқа банктер де «одобрение» бермей жатыр. Банкке 20 пайызбен ипотека беру тиімсіз. Базалық мөлшерлеме 18 пайызға өсті. Ол ақша қымбаттады деген сөз. Пайыз өскен соң, адамдар ипотека, рассрочка, ипотеканы аз ала бастайды», – деп жазады ол.

Ерболат есімді желі қолданушысы қазір ипотека алу – қажеттілік емес, сәнге айналғанын жазады.

«Қазақстандағы тұрғын үй нарығы бәсеңдейді. Жаңа 18 пайыздық мөлшерлеме ипотеканы құрал емес, сән-салтанат белгісіне айналдырады. Бұл жерде тек қолында өтімділігі жоғары жылжымайтын мүлкі бар адамдар ғана ұтады», – деп жазады ол.

Ел экономикасына ауыр соққы

Экономист Алмас Чукин базалық мөлшерлеменің көтерілуін ел экономикасы үшін ауыр соққы деп бағалады. Оның айтуынша, ипотека және автонесиенің пайыздық мөлшерлемесі 24–25%-ға дейін, ал тұтынушылық кредит мөлшерлемесі 40%-ға дейін жетуі мүмкін.

«Мұндай жағдайда сапалы экономикалық өсім болмайды. Инвестиция салуға мүмкіндік аз, себебі ақша тым қымбат. Сауда саласы ғана қозғалыста, бірақ ол да бағаның өсуінен тұтынушы сұранысын басып тастап отыр», – дейді сарапшы.

Чукин сондай-ақ үкіметтің ЖІӨ өсімі туралы есептерін де сынға алды:

«Баға өссе – ұлттық валютада экономикалық көрсеткіш автоматты түрде артады. Бірақ бұл нақты өндірістің өскенін білдірмейді».

Халық қымбат ипотеканы төлей алмайды

Өткен жұмада баспасөз жиынында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов негізгі мөлшерлеменің 18 пайызға дейін өсуін инфляцияның күшеюі және сұраныстың артуымен байланыстырды. Оның айтуынша, банктерге ипотека беруді тоқтату жөнінде ешқандай ресми нұсқау берілмеген.

Сонымен қатар ол ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі 20%-дан аспауға тиіс екенін еске салды.

«25%-бен ипотека беру халыққа ауыр тиеді. 10–15 жыл төлейтін кезде мұндай пайыз мөлшерлемесі – отбасы үшін көтере алмайтын жүк. Сондықтан банктер 20%-дан төмен деңгейде ғана жұмыс істей алады», – деді Сүлейменов.

Ал экономист Эльдар Шамсутдинов базалық мөлшерлеме көтеріледі деп күткенімен уақыты қолайсыз болғанын айтады.

«Бұл шешімді желтоқсан-қаңтарда қабылдау тиімдірек болар еді. Қазір көптеген дамушы елдер негізгі пайызды төмендетіп жатыр. Біз трендке қарсы келе отырып, экономиканы тежейміз», – дейді ол.

Сарапшының есебі бойынша, инфляция 12,9% болса, 18%-дық мөлшерлеме нақты 4,5% шамасында тиімді мөлшерлеме береді. Бұл инвестициялардың азаюы және несие беру белсенділігінің төмендеуіне әкеледі.

2025 жылдың 6 айында ипотекалық нарық қайта жанданып, өсім көрсетті. Жаңа берілген қарыздар көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 24,9%-ға артты. Бірақ бұл өсімге негізінен жеңілдетілген бағдарламалар себеп болған. Негізгі үлес «Отбасы Банкке» тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз