«Идеяға ашық қоғам ғана өрлейді»: Нобель сыйлығын алған ғалымдар

Альфред Нобель атындағы сыйлықтың экономика бойынша иегерлері анықталды. Швед корольдік ғылым академиясы Джоэл Мокир, Филипп Агион және Питер Ховитт үштігін жеңімпаз деп таныды.
Ғалымдар жаңа технологиялардың көмегімен экономиканы жоғары деңгейде ұстап тұру жолдарын зерттеген. Джоэл Мокирдің зерттеуі көрсеткендей, бір инновациядан кейін екінші бірі пайда болуы үшін «ненің қалай жұмыс істеу керектігін ғана емес, неге бұлай екеніне ғылыми анықтаманың да болуы қажет».
Бұған қоса, ғалым қоғамның жаңа идеяларға ашық, өзгерістерге дайын болуы маңызды екенін айтқан. Сонда ғана мұндай қоғамда өрлеу болады.
Филипп Агьон мен Питер Ховитт те тұрақты экономикалық даму негіздерін зерттеген. Нарыққа жаңа әрі жетілген өнім шыққан уақытта, ескісін сататын компаниялар шығынға батады. Ғалымдар осындай үрдістің математикалық моделін дайындаған.
Ескінің орнын жаңа басқан уақытта жанжал туындайды. Нобель сыйлығының иегерлері белгілі бір деңгейге көтерілген компаниялар шығынға батпас үшін инновацияны тұншықтырады деп есептейді.
Нобель сыйлығының иегерлері 1,2 млн доллар алады.