Шетелге ақша көп кеткен: Қазақстанның ағымдағы шотында 3,9 млрд доллар тапшы

2025 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан төлем балансының ағымдағы операциялар шоты 3,9 млрд доллар көлемінде тапшылықпен қалыптасты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,9 млрд доллардан екі есе көп. Ұлттық банк дерегінше, мұндай теріс нәтиже негізінен экспорттың қысқаруы және импорттың артуынан туындады.
Ағымдағы есепшот (ағымдағы операциялар шоты) – бұл елдің төлем балансының негізгі бөлігі. Ол белгілі бір кезеңде (бір жыл немесе жарты жылда) аталмыш ел мен шетел арасындағы тауар, қызмет, табыс және басқа да трансферттер бойынша бүкіл ақшалай ағынды көрсетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, ағымдағы есепшот – бұл елге қанша ақша кіріп, қанша қаржы сыртқа шыққанын көрсететін «шот». 2025 жылдың 6 айында Қазақстанның ағымдағы есепшоты 3,9 млрд доллар тапшылықпен қалыптасты. Яғни елтен шетелге кеткен ақша түскен кірістен асып түскен.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, сыртқы сауда балансының профициті 7,9 млрд долларды құрап, бір жыл ішінде 28,8%-ға төмендеді. 2024 жылдың алғашқы жартысында 11,1 млрд долларға тең.
Тауар экспорты 5,6%-ға азайып, 37,7 млрд доллар болды. Оған себеп мұнай мен металл бағасының арзандауы, сондай-ақ кейбір экспорттық тауар көлемінің қысқаруы. Ал тауар импорты керісінше, 3,3%-ға өсіп, 29,8 млрд долларға жетті.
Нәтижесінде сыртқы саудадағы тепе-теңдік әлсіреп, ағымдағы шот теріс аймаққа тереңдей түсті. Бұл елдің төлем балансына қысым түсіріп, шетел валютасына деген сұранысты арттыруы мүмкін.