Қазақстанның қай өңірі инвестиция тартудан көш бастап тұр

Қазақстан – инвестициялық тартымдылығы жағынан шетел инвесторларын қызықтыратын мемлекеттердің бірі. Мұнайға ақша салатын Батыс елдерінен бөлек, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея елдері де жыл сайын салған инвестиция мөлшерін арттыруға тырысып жатыр. Kursiv.media осы ретте Ұлттық банктің ресми есебіне сүйене отырып, облыс әкімдіктері инвестиция тарту жағынан қалай жұмыс істеп жатқанына үңіліп көрді.
Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, соңғы бес жыл ішінде инвестициялардың негізгі бөлігін Нидерланд құйып жатыр. Бұл елдің Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі 30,3 млрд долларды құрайды. Екінші орында – Ресей (11,7 млрд доллар), ал одан кейін Америка Құрама Штаттары (10,3 млрд доллар) орналасқан.
Өңірлердің көрсеткіштері
Алдымен төмендегі суретке назар аударайық:

Бұл кестеде Қазақстанның өңірлеріндегі тікелей инвестициялардың таза ағыны көрсетілген. Мұнда санның алдында тұрған «-» (минус) таңбасы өте маңызды экономикалық мағына береді. Таза ағын – өңірге келген инвестициялар көлемі мен сол өңірден кеткен инвестициялар көлемінің айырмасы. Яғни формуласы былай: Таза ағын = келген инвестиция – шыққан инвестиция. Егер санның алдында «–» белгісі тұрса, бұл сол жылы өңірден шыққан инвестициялар келген көлемнен көп болғанын білдіреді.
Кестеде көрсетілгендей, 17 облыс пен 3 қаланың жартысы «-» белгіні көрсеткен. Осы кестеге сүйене отырып, инвестиция тарту жағынан Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысы көш бастап тұрғанын байқауға болады.
Астана, Алматы мен Атырау облысы республикалық бюджетті толтырып отырғанымен, ол өңірлерден инвестициялар жылыстап барады. Инвестициялық тартымдылығы азайып бара жатқан өңірлердің қатарында сонымен бірге Абай, Павлодар, Ұлытау облыстары да бар.