Ресей Еуропаға соғыс ашуы мүмкін бе

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөзден

Мәскеу Еуропа шекараларының «мығымдығын тексеруге» дайын әрі бұл кез келген уақытта болуы мүмкін. Бұл туралы Германияның Федералдық барлау қызметінің (BND) басшысы Мартин Йегер мәлімдеді деп жазады Bloomberg.

«Ресей ниетін жасырғанымен, шын мәнінде біздің шекарамызды сынап көруге ұмтылып жатыр. Қазір Еуропадағы жағдай – ең жақсы дегенде «суық бейбітшілік», ол кез келген сәтте «қақтығысқа» айналуы мүмкін. Біз жаңа эскалацияға дайын болуымыз керек», – деді ол Бундестагтағы Германия барлау қызметі басшыларының жыл сайынғы ашық тыңдалымында.

Бұған дейін Украинадағы Германия елшісі болған Йегердің айтуынша, НАТО-ны әлсіретуге, қоғамды қорқытуға бағытталған гибридтік шабуылдар қазір «жаппай сипатқа» ие.

«Осындай жағдайлардың жиілеуі қақтығыстың жаңа деңгейін көрсетеді. Ресей бізді қарсылас әрі соғысушы тарап ретінде қарастырып отыр», – деді Мартин Йегер.

Ол мұны Ресей тарапынан жиілеген әуе арандатушылықтары, кибершабуылдар мен тыңшылық әрекеттерімен байланыстырды.

BND басшысы «қарсыласымыз тыным таппай, соғысқа дайындалып жатқанда, қол қусырып отыруға болмайды» деп атап өтті.

Осыған дейін BND мен Бундесвер баяндама дайындап, Ресей Украинадағы соғысты аяқтаған соң күштерін Балтық елдерімен шекараға жылжытып, сол жерден НАТО аумағына басып кіру қаупі бар деп жазған еді.

«Біз қарсыластарымызға қажет жерде қарсы тұруымыз керек. Бұл үшін тәуекелге барамыз, бірақ ол бақыланатын әрі жүйелі түрде жүргізіледі»,- деді Йегер.

Deutsche Flugsicherung (DFS) дерегінше, қаңтар мен қыркүйек аралығында Германияда дрондарға қатысты әуе қозғалысын бұзудың 172 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 129, ал 2023 жылы 121 болған.

Сондай-ақ оқыңыз