Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониямен тең түсті

Солтүстік Македония астанасы Скопьеде футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің ойыны өтті. Қазақстан құрамасы жергілікті ұлттық командаға қарсы алаңға шықты.
Бірінші тайм тең деңгейде өтіп, қос тарап та гол соға алмады. Ал екінші таймда матчтың есебін алғашқы болып қазақстандықтар ашты. Жамбыл футболының түлегі, бүгінде «Женіс» клубының намысын қорғайтын Дінмұхаммед Караман әдемі соққысымен көзге түсті.
Алайда біздің құрама басымдықты соңына дейін ұстай алмады. Алаң иелері айып добынан есепті теңестірді. Қалған уақытта екі команда да өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Бұл нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 7 ұпай болды. Команда әлі де J тобында төртінші орында тұр және әзірге әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өту мүмкіндігін иелене алмайды.
Іріктеу кезеңінің соңғы ойынында қазақстандықтар өз алаңында Бельгиямен кездеседі.