Қазақстан 60,5 млн тонна мұнай экспорттады: жоспар орындалды ма

Қазақстан жыл басынан бері 60,5 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
Министрдің сөзінше, есепті кезеңде елде 75,7 млн тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға артық. Жылдық жоспар – 96,2 млн тонна.
«9 айдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 60,5 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 114,9% құрады. 2025 жылғы жоспар – 70,5 млн тонна», – дейді министр.
Ақкенженовтың айтуынша, сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі шамамен 2,3 млн тонна болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,1%.
«Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша 11,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,1%. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,7 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған. Бұл 2024 жылдың фактісіне 100,7%», – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы Греманияға жеткізілетін мұнай көлемін арттырмақ. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің Rosneft Deutschland GmbH компанияс бас директоры Йоханес Бремермен кездесуі барысында белгілі болды.
2025 жылдың тоғыз айында Қазақстаннан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына шамамен 1,5 млн тонна мұнай жеткізілді.