Президент: Парламентті реформалау – Сенатты тарату деген сөз емес

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру реформасы, Сенатты тарату деген сөз еместігін тағы да еске салды.
«Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады»,– деді Президент Парламент реформасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында.
Тоқаев парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келетінін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары Мәжілістің өкілеттігі кеңейгенін де еске салды.
Сондай-ақ, партиялардың Парламентке өту шегі төмендетіліп, парламенттік оппозицияның құқықтары заңмен бекітілді. Тоқаевтың пікірінше, ел бір палаталы Парламент құруға дайын.
Реформа ашық форматта талқыланып, әртүрлі пікірлер ескеріледі және заңдардың сапасы сақталады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстанда электронды парламент іске қосылатынын айтты.