Несие бергенде банктер артық төлемді толық көрсетуі тиіс – Бектенов

Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсімі үшін барлық мемлекеттік орган мен әкімдік, бизнес қауымдастық жанын салып жұмыс істеп, бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс деп тапсырма берді.
Бектеновтің сөзінше, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,3%-ды құрап отыр. Дегенмен экономиканың орнықты өсуі үшін бірқатар бағыттарда оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік сияқты негізгі салаларда өсу қарқынын одан әрі арттыра түсу керек.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі ахуал басты назарда болуға тиіс. Жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық резервтерді пайдалану қажет. Қабылданып жатқан шараларды іске асыру және сол арқылы экономикалық өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу жергілікті жерлерде қамтамасыз етіледі. Сондықтан әкімдер тарапынан барлық саладағы жағдайдың тікелей бақылауға алынуы – аса маңызды мәселе. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша 11 өңірде оң динамика қалыптасты. Ал, Абай, Ұлытау және Атырау облыстары артта қалып отыр», – дейді ол.
Үкімет басшысы артта қалған өңір басшылары жағдайды өзгертуге бар күшін салуы қажет деп ескертті. Қазіргі жағдайда экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін мемлекет пен бизнес бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге тиіс деп тапсырды.
Бектенов инфляция деңгейін төмендету үшін тұтыну бағаларын тұрақтандыру жұмысын күшейту керек деді. Инфляцияға сырттан келетін азық-түлік бағалары қысым көрсетіп отырғанын айтты.
«Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастырған жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет. Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемдерді толық ашып көрсетуге тиіс. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», – дейді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы екіншіден, трғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы жан-жақты жаңғыртуды қажет ететінін айтты. Осы салада Ұлттық жоба іске асырылуда. Үкімет ұстамды тарифтік саясатты қолдап отыр. Сондықтан аталған жұмыс ұзақ мерзімді қаржыландыру мен монополистердің операциялық шығыстарын қайта қарау есебінен қамтамасыз етіледі.
«Жыл соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет тарифтерін өзгерту жоспарланып отырған жоқ. Жалпы, кез келген тарифтік өзгерісті халықтың тұрмыс сапасы мен мемлекеттің экономикалық саясатының басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүргізу керек. Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың сатып алу қабілетін қолдау, бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның орнықты жұмысын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді ол.