Елге алғаш рет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) президенті келді

Астанаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька бастаған делегация келді. Қонақтарды Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева қарсы алды.
Сапар барысында делегация спорт федерациялары мен Олимпиада комитетінің өкілдерімен, спортшылар мен студенттермен кездесіп, елордадағы спорт нысандарын аралайды. Негізгі мақсат – Қазақстандағы допингке қарсы саясат мәселелерін талқылау.
WADA – спорттағы допингке қарсы күресті үйлестіретін тәуелсіз ұйым, оның басты міндеті – допингке қарсы күресті насихаттау, үйлестіру және бақылау. Ұйым әлем бойынша допингке қарсы зерттеулер мен бақылау жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар зертханаларды аккредиттеп, ғылыми талдаулардың сапасын бақылап отырады.
Допинг дауы Қазақстанды да айналып өтпейді. Осы жылы ғана қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұлов тыйым салған препарат қолданды деген күдікпен төрт жылға спорттан шеттетілді.
2019 жылы елімізде допинг туралы заң күшіне енген.