16 қазан күні телеарналар жұмысы уақытша тоқтайды

16 қазан күні Қазақстанда теле- және радиохабар тарату 14 сағатқа тоқтатылады. Хабар тарату сағат 3:00-де өшіріліп, 17:00-де қайта қосылады деп хабарлайды Қазтелерадио.
«2025 жылы 16 қазанда сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін жерсеріктік, цифрлық және аналогтық эфир желілерінің техникалық құралдарында сервистерді жабу арқылы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Жұмыстарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында телерадиоарналардың ретрансляциясы уақытша тоқтатылады», – деп жазылған компания хабарламасында.
Бұл – тоқсан сайын өтетін жоспарлы-профилактикалық жұмыстар. «Қазтелерадио» мамандарының түсіндіруінше, үзіліс телерадио хабарларының сапасын жақсарту үшін қажет. Осы уақытта техникалық құралдар да жаңартылып, қосымша жұмыстар жүргізіледі.