Қазақстанда 130 криптоайырбастау платформасы заңсыз жұмыс істеп келген

Қазақстанда 130 криптоайырбастау плаформасы заңсыз жұмыс істеп келген. Бұл алаңдар арқылы интернет-алаяқтар мен есірткі саудасымен айналысатындар заңсыз табысын жасырып отырған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, қазір олардың жұмысы тоқтаған.
Агенттіктің мәліметінше, тергеу барысында жалпы көлемі 16,7 млн USDT (шамамен 8 миллиард теңге) болатын қаражатқа тыйым салынды.
Қылмыскерлер ақшаны банк шоттарына немесе криптовалюта түрінде айырбастайтын электронды әмияндарға аударады. Кейін бұл қаражат бірнеше операция арқылы басқа шоттарға жіберіліп, бастапқы шыққан көзі жасырылады.
Мұндай қызмет үшін комиссия алынады, ал операциялар көбіне басқа адамдардың атына рәсімделген карталар мен әмияндар арқылы жүргізіледі. Осылайша, заңсыз криптоайырбастау орындары ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру немесе шетелге шығару арқылы «көлеңкелі қаржы айналымының» бөлігіне айналады.
Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға тек ресми тіркелген және лицензиясы бар криптоплатформаларды пайдалануға кеңес береді. Себебі заңсыз айырбас қызметтерін қолдану — қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Лицензияланған криптобиржалардың толық тізімімен Астана халықаралық қаржы орталығының ресми сайтында танысуға болады: https://publicreg.myafsa.com/
Бұған дейін министр Жаслан Мәдиев криптовалюта нарығына қызығушыларға бірнеше кеңес берген болатын.