Тәртіп үшін енді әкімдер де жауап береді – Парламентке жаңа заң жобасы енгізілді

Мәжілісте «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасына сәйкес, өңірлердегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне әкімдердің ұжымдық жауапкершілігі енгізіледі. Бұл заң бес қолданыстағы нормативтік актіні біріктіріп, бірыңғай жүйеге айналдырмақ. Парламентте заң жобасын қорғаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осылай деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алдын алу шаралары барлық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс.
«Ұжымдық жауапкершілік енгізіледі: әкімдер – өңірдегі құқықтық тәртіп үшін, мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде профилактика үшін, мәслихаттар – олардың есептерін тыңдау үшін жауап береді. Сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың рөлі күшейтіледі», – деді Сәденов Мәжіліс отырысында.
Бұдан бөлек, құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәртебесі де жоғарылайды. Енді оның құрамы мен өкілеттігін Президент бекітеді, ал жұмысының нәтижелері Ұлттық баяндамада көрініс табады.
Сондай-ақ Заң жобасы профилактика субъектілерінің тізімін кеңейтеді: олардың идеологиялық, түсіндіру, тәрбиелік жұмыстардағы, сондай-ақ азаматтарды бейімдеу мен оңалтудағы құзыреті нақтыланады.
«Енді қоғамдық көмекшілерді тек ішкі істер органдары ғана емес, барлық құқық қорғау органдары тарта алады», – деп толықтырды министр.
Министрліктің дерегінше, соңғы жылдары қоғам тарапынан жергілікті билікке құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелерінде жауапкершілік жүктеу туралы сұраныс артқан.