Қыз алып қашу насихатталады, боқауыз көп – депутаттар отандық контентті сынады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Депутаттар боқауыз сөзге толы отандық конттенті сынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашуды сериал арқылы насихатады деп Ұлттық арнаны айыптады. Ал Құдайберген Бексұлтанов отандық фильмдер бейәдеп сөзге толы екенін айтады. Депутаттар отандық контентті шығарушылар заңға құлақ аспай, ойына келгенін жасап жүр деп сынады.

Ұлттық арна мемлекеттік саясатқа қарсы жүргізіп жатыр ма

Мәжілісте «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы қаралды. Заңды талқылау барысында Әбенов Ұлттық арна эфирінде көрсетілген сериалды сынады. Депутат онда қыз алып қашуды насихаттайтын кадрларды байқап қалған.

«Ұлттық арнадан сериал болып жатыр, сонда кейіпкер «Қызды алып қаштым» дейді, екіншісі «Ештеңе қылмайды, мені де алып қашқан аман-есен жүрміз» дейді. Бұл не сонда?! Сонда Ұлттық арна мемлекеттік саясатқа қарсы жүргізіп жатыр ма деген ой туындайды. Екі министрлік бір- бірін естімейді ме деген ой туындайды. Біз заң шығарамыз, ол заңға немқұрайлы жасап, оны менсінбей күлкі қылған дұрыс емес деп ойлаймын», –  деп сауал жолдады депутат.

Депутаттың сынына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа заң жобасында контент мәселесі қарастырылып жатқанын  мәлімдеді.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бұл мәселені бақылауға алуға уәде беріп, қажет болған жағдайда нақты шаралар қабылданады деп сендірді.

«Министр айтқандай, барлық бастама заң мен тәртіп қағидасы аясында ақпараттық қолдаумен жүреді. Егер ондай факті тіркелсе отандық сериал болса, шара қолданамыз. Егер шетелдік өнім болса түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Барлық шығармашылық ұжыммен жұмыс істейміз», – деді Ысқақов.

Қыз алып қашу туралы дәстүрлі әндердің тағдыры не болады

 Осыдан соң Ринат Зайытов бірден алып қашу туралы дәстүрлі әндердің тағдырына  алаңдаушылық білдірді.  

«Мен жасымда жігіттер топтан астым, бір түнде сегіз қызды алып қаштым» деп ән айтқандарды соттап жүрмейміз бе?!  «Егер мені шын сүйсең асыл еркем, ертең кешке дайын тұр қашу оңай» деген халық әні бар. Бұл қалай болады?! Мұндай сараптаманы кім жасайды? Көркем шығармаларды қалай қорғайсыздар немесе айырмасы бар ма заң аясында?»,– деді депутат.

Вице-министрі Қанат Ысқақов ондай әндердің алдымен сюжеті қаралатынын айтады.  Дегенмен ешкім жауапкершілкке тармтылмайды, тек заңғы қайшы болса шығармашылық  топқа оны түзетуге қатысты  ескерту беріледі.  

Сәке, Прокурор фильмдері бейәдеп сөзге толы…

Ал Құдайберген Бексұлтанов боқауыз сөздер қосып сөйлейтіндер көбейгенін айтты.  Оның айтуынша, әсіресе, балалар боқтық сөздер қосып сөйлеуді сәнге айналдырған.

«Қазір біздің жас буын қандай фильмдерді қарап жүр?! «Сәке, Бәке, Прокурор, Қара қарға, 105 мектеп«… Жасөспірімдердің екі сөзінің бірі боқауыз. Әрине, өзіміз фильмдер арқылы көргенсіздік пен тұрпайылықты, арсыздықты насихаттасақ… Онсыз да әлеуметтік желілерде мұндай дүние өршіп тұр. Ал біз оны кино арқылы одан әрі күшейтіп отырмыз. Бұл фильмдерге бюджеттен қаржы бөлінсе, онда бұл – нағыз апат. Қазір кішкентай балалардың өзі ең алғашқы күндерінен бастап балағат сөздер айтып, тілін тиянақтамайды. Бұрын мұндай болған жоқ. Бұған не істеу керек?», – деді Бексұлтанов.

Министр Ержан Саденовтің айтуынша, бұл мәселелер де бүгін Мәжілісте қаралып жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасында қамтылған.

«Бұл бағытта жұмыс істеу керек, тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұл тек құқық қорғау органдары мен Мәдениет министрлігінің ғана жұмысы емес, бұл бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Бізде тиісті тетіктер бар, өз тарапымыздан барлық шараларды қолданамыз, айыппұлдар енгізіп жатырмыз. Бірақ мұнда жүйелі жұмыс қажет», – деді министр.

Еске салайық 16 қыркүйектен бастап қыз алып қашуға тыйым салуды көздейтін заң күшіне енді. Атап айтқанда, енді Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз