Алматыдағы «Жібек жолы» автобазарының орнына жаңа сауда орталығы салынады

Алматыдағы «Жібек жолы» базарының орнына заманауи тұрғын үй кешені мен сауда орталығы салынады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің дерегінше, жаңа нысандарды базардың меншік иесі салады. Одан бөлек қалада 2026 жылдың соңына дейін 21 базар жаңартылмақ. Осы жылы 29 базар толықтай жаңарып, олардың аумағына күрделі құрылыстар салынған, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілген.
«Біздің мақсатымыз – базарларды қайта салу ғана емес, қауіпсіз және қолайлы сауда кеңістігін қалыптастыру. Мұнда бизнес дамып, қала тұрғындары өзін жайлы сезінуі тиіс. Бұл сатып алушыларды, кәсіпкерлерді және қаланың өзін қорғауға бағытталған «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының талабы», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Соңғы жылы қаладағы төрт сауда орталығы қайта бейінделіп, базарлар саны 59-дан 51-ге азайған. Ал инфрақұрылымын жаңартудан бас тартқан сауда орындарының жұмысы 2026 жылдан бастап уақытша тоқтайды.
Осы орайда қала әкімдігі базарлардағы жалға алу бағасының өсуіне қатысты түсініктеме берді. Оған коммуналдық шығындардың көбеюі себеп болған.
«Жаңартылған базарлар орталықтандырылған жылу, су және кәріз жүйелеріне қосылады, санитарлық талаптар мен абаттандырылған аумақ қамтамасыз етіледі. Реконструкция кезеңінде жалға алушыларға сауда орындары уақытша жеңілдікпен беріледі», – деп жазылған әкімдік хабарламасында.
«Жібек жолы» базарының жабылатыны жайлы қала әкімдігі жазда ескерткен еді. Билік өкілдерінің түсіндіруінше, аумақтағы контейнерлер мен нысандар заңсыз орналасқан. Ал автобазар иесінде құрылысқа рұқсат беретін құжат болмаған.