Лондон санкциялары «Лукойлдың» елдегі мұнай жобаларына қалай әсер етеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Лукойл мұнай
«Лукойлдың» Алматыдағы базасы / фото: shutterstock

Ұлыбритания Ресейдің «Лукойл», «Роснефть» мұнай компаниялары санкция салды. Миллиардер Вагит Алекперовтің Қазақстанда бірнеше ірі мұнай жобасы бар. Лондон шектеулері олардың жұмысына қалай әсер етеді?

«Лукойл» Қазақстанға 1995 жылы келді. Биыл оның республикадағы жұмысына 30 жыл толды. Екі бұрын ғана – 14 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай компаниясының басшысы Вагит Алекперовті Ақордада қабылдаған.

Мемлекет басшысы миллиардерді елдің «энергетика әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған. «Лукойл» басшысы ғана емес, компанияның Қазақстанда істейтін бірнеше қызметкері де мемлекеттен сыйлық алған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вагит Алекперов / фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вагит Алекперов / фото: Ақорда

Ертесіне, 15 қазанда Ұлыбританияның «Лукойлды» санкцияға іліккендер тізіміне қосқаны мәлім болды.

Компанияның ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, Қазақстанда өндірілетін барлық мұнайдың шамамен 10%-ы «Лукойл» үлесіне тиесілі. Оның Теңіз және Қарашаған ірі мұнай кен орындарын игереді. Бұған қоса, Каспий құбыр желісі консорциумында (КҚК) да үлесі бар. Қазақ мұнайының шамамен 80%-ы осы мұнай құбыры арқылы Батысқа тасымалданып отыр.

Сонымен бірге, «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» екеуі Қаламқас-Хазар мұнай кенін бірге игеруді көздейді. Теңіз платформаларының құрылысы 2026 жылы басталуы тиіс. Мұнда жылына 4 млн тоннаға дейін мұнай өндірілуі мүмкін.

Ресейлік компанияның Лондон санкцияларына ілінуі ауқымды мұнай жобаларына қалай әсер етеді

Қазақстандағы мұнай мен газ өндірісіне арналған OilGazK телеграм-арнасы шектеулердің ықпалы болады деп есептейді.

«Ол халықаралық банктерден, әсіресе ағылшындарға немесе солармен байланысы бар мекемелер арқылы қаржы тартуда қиыншылыққа тап болуы мүмкін. Санкциялар Ұлыбритания заңдарына бағынышты қаржы институттарының операциялар жүргізуін шектейді», – деп болжайды арна сарапшылары.

Бұған қоса, мамандар ағылшын санкцияларын орындайтын елдердегі мердігерлерге «Лукойлмен» жұмыс істеуге тыйым салуы мүмкін екенін де алға тартты. Сонымен бірге, Қаламқас-Хазарда ағылшындарға батысы бар технологиялар мен құрал-жабдықтар орнатылар болса, оған тыйым салынуы немесе кешігіп жетуі мүмкін.

Енді банктер, мердігерлер, сақтандыру компаниялары, жалпы әріптестердің бәрі «Лукойлмен» байланыс орнатудан қашқақтайды. Олар қызметін өсіреді немесе санкциядағы компанияға қызмет көрсетуден бас тартады.

Сондай-ақ оқыңыз