Қор биржасында ірі банктердің акциялары арзандап жатыр

Өткен аптада Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені бірден 1,5 базистік тармаққа көтеріп, 18%-ға жеткізуі ірі банктердің акцияларына да әсер етті. 10 қазаннан бері Forte, БЦК, Halyk және Kaspi.kz `(финтех компания құрамына Kaspi Bank кіреді) бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасында (KASE) теріс динамика көрсетіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бас банктің мұндай шешімі несие беру қарқынын баяулатып, әсіресе тұтынушылық және ипотекалық қарыз бағытына қысым түсіреді. Базалық мөлшерлеменің өсуі банктер үшін қарыз қаражатын (депозит мен нарықтан тартатын қарыз) қымбаттатады, ал олар өз кезегінде несие мөлшерлемесін көтереді. Осылайша, банк маржасы, яғни несие мен депозит мөлшерлемелерінің айырмасы қысқарады.
Halyk Bank (HSBK)
Елдегі ең ірі банк Halyk-тың акциялары 5 күнде 2%-ға құнсызданды: 364,78 теңгеден 357,50 теңгеге дейін арзандады.
Halyk үшін жоғары базалық мөлшерлеме депозит сыйақысының өсуін білдіреді. Бұл салымшылар үшін жағымды болғанымен, банк үшін қарыз қаражатының құнын арттырады. Halyk Bank тұрақты клиенттік база мен жоғары өтімділік арқасында қысқа мерзімде теңгерімді ұстанымда қалуы мүмкін.
Kaspi.kz (KSPI)
10 қазан күні Kaspi Bank бас компаниясы – Kaspi.kz акцияларының жабылу бағасы 44 350 теңге болса, 16 қазанда бағалы қағаздар құны 42 300 теңгеге дейін түсті. Акциялары 4,6% арзандаған. Бұл нарықтағы ең айқын теріс қозғалыс болып отыр.
ForteBank (ASBN)
ForteBank қағаздары салыстырмалы түрде тұрақты динамика көрсетті: 10 қазандағы 13,83 теңгеден 16 қазанда 13,50 теңгеге дейін төмендеді (-2,4%). Бұл нарықтағы ең төмен номиналды акция бағаларының бірі болғанымен, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі оның да қаржылық көрсеткіштеріне қысым түсіруі мүмкін.
Bank CenterCredit (CCBN)
БЦК акциялары 10 қазанда 5 017 теңге болса, 16 қазанда 4 780 теңгеге дейін арзандады. Банк бағалы қағаздары шамамен 4,7% жоғалтқан. БЦК-ның несие портфелі шағын және орта бизнеске бағытталған, сондықтан қарыз алу құнының өсуі оның клиенттеріне де, банк табысына да әсер етеді.
10–16 қазан аралығындағы сауда нәтижелері банктік сектордың базалық мөлшерлеменің өсуіне жедел және теріс реакция бергенін көрсетті. Келесі апталарда банктердің үшінші тоқсандық есептері жарияланған соң, нарық жаңа теңгерім табуы мүмкін.