АҚШ Джексон-Вэнико түзетуін алып тастауға дайын

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі

АҚШ конгрессмендері Қазақстанға қатысты Джексон-Вэник түзетуін алып тастауға дайын. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Америкаға іссапармен барып, конгрессмендермен осы мәселені талқылаған.

Министр конгрессмен, бюджет және салық комитетінің мүшесі, «Қазақстан – АҚШ» кокусының тең төрағасы Джимми Панеттамен келіссөздер жүргізген.

«Серік Жұманғарин конгрессменге Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою туралы мәселені ілгерілетуде Қазақстанды қолдағаны үшін алғыс білдіріп, бұл мәселені АҚШ Конгресінде тезірек реттеуге үміт білдірді», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ Қазақстанның вице-премьері бюджет және салық комитетінің мүшесі, конгрессмен Томас Суоззимен де кездесіп, Джексон-Вэник түзетуін жою туралы мәселені талқылады. Айта кету керек, кездесулерде барлық конгрессмендер Қазақстанға осы бағытта қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады.

«Біз сапарымызды Мемлекет басшысының Нью-Йоркте бастаған диалогының жалғасы ретінде қарастырамыз және бұл кездесулер Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдіміз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Джексон-Вэника түзетуін алып тастау туралы мәселе осы жылдың басында көтерілген еді. АҚШ Конгресі Қазақстанмен сауда қатынасын жаңарту туралы заң жобасынан сол түзетуді алып тастамақшы екенін жазған еді.

Джексон-Вэника түзетуі 1974 жылы «қырғи-қабақ» соғыстың кезінде қабылданған. Оның аясында АҚШ адам құқығын бұзатын мемлекеттермен, нақты айтқанда КСРО елдерімен саудаға, мемлекеттік кредит беруге шектеу салған. 

Сондай-ақ оқыңыз