Қалиев үкімет шешімі туралы: халықты емес, ірі бизнесті қолдауға ұқсайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үкімет үйі / фото: gov.kz
Үкімет үйі / фото: gov.kz

Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев үкіметтің 16 қазанда қабылдаған маңызды шешімдеріне қатысты пікір айтты. Оның пікірінше, қабылданған шаралардың кейбірі халықты емес, ірі бизнесті қолдауға көбірек ұқсайды.

Бейсенбі күні кешке премьер-министр Олжас Бектеновтің кеңсесі ел экономикасына қатысты нақты шараларын жариялады. Осындай тапсырманы үкіметке кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген.

Атап айтқанда, билік инфляция тұрақтағанша елде жанармай бағасын көтеруге тыйым салған.

«Қолмен басқарылатын жүйе үшін бағаны қатырудың аз уақыт пайдасы бар: инфляцияны тоқтатпаса да, біршама тежейді», – деп есептейді Қалиев.

Алайда саясаттанушы үкіметтің жеңілдігі бар ипотека көлемін екі есе арттыру, автонесиені қолдау әрекетін сынады.

«Жеңіл ипотека мен автонесиелеуге қатысты шаралары түсініксіздеу болып тұр. Бұл азаматтарды емес, автоөндірушілер мен құрылысшыларды қолдауға көбірек ұқсайды. Онсыз да оларды ондаған жылдар бойы демеп келеміз», – дейді сарапшы.

Бұған қоса, саясаттанушы 90-жылдардағы экономикалық қиыншылықты еске салды.

«Сол кезде әлеуметтік бағдарламалардың бәрі қысқарып, зейнетақы мен жәрдемақы кешігіп түсетін болды. Бірақ экономиканы либерализациялау азаматтардың белсенділігін арттырды: жастар шеттен тауар тасып, Германиядан автокөлік әкеле бастаса, қарттар темекі сатып тұрды. Көптің әрекетімен экономика қайтадан тірілді», – деп еске алды ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықты.

Саясаттанушы елдің қазіргі бағытын былайша сипаттап өтті:

«Сосын мұнай қымбаттады. Мемлекет экономикаға белсенді түрде араласып, тапсырыс беруге көшті. Идеяларды жүзеге асырудан гөрі, оларға бюджет қаражатын оңды-солды жарату тиімді болып кетті. Ақыр соңында қазіргі күйге түсіп отырмыз…» – деп түйіндеді ойын сарапшы.

Үкімет жыл басында салық реформаларын қолға алып, жаңа экономикалық модель құруды қолға алғанын мәлімдеген. Алайда 2025 жылы экономикалық өсім байқалғанымен, инфляция деңгейі шарықтап кетті. Соған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Артынша елдегі екінші деңгейлі банктердің ипотека беруді шектей бастағаны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз