Сара Назарбаеваға қатысты тың мәлімет жарияланды

Қазақстанның тұңғыш президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 17 қазанда Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты тың мәлімет таратты. Ақпарат Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтында жарияланды.
Айдос Үкібайдың айтуынша, кейінгі уақытта баспасөз бен әлеуметтік желілерде Назарбаеваның денсаулығы мен қазіргі жағдайына қатысты әртүрлі болжамдар мен шындыққа жанаспайтын ақпарат таралып жатыр.
«Осыған орай ресми түсініктеме беруді жөн деп санаймын: сәуір айынан бері Сара Алпысқызы Назарбаева Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде жоспарлы ем қабылдап келеді», – дейді Назарбаевтың баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, «медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай, отандық мамандардың бақылауымен» жүзеге асырылып жатыр.
«БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын Сара Алпысқызының есімін тексерілмеген ақпаратпен байланыстырмауға, негізсіз пайымдар таратуға жол бермеуге шақырамын. Мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуларыңызды сұраймын», – деді Үкібай.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 5 мамырда Сара Назарбаева ауруханада жатқаны мәлім болды. 14 мамырда баспасөзде «қайтыс болды» деген мәлімет тарады. Сол күні Үкібай мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Кейін аурухана дәрігері де Назарбаева әлі емделіп жатқанын хабарлады.
Сара Назарбаева – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жалғыз бірінші ханым. Ол Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі.