«Бетпердедегі адам» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін түбегейлі өзгертті

Бетпердедегі жұмбақ жан тағы да жақсылық жасады. Бұл жолы ол бауыр обырының үшінші сатысымен күресіп жүрген 19 жастағы Әлішер есімді қазақстандық жігітке қолдау көрсетті.
Блогер ем-домға қажетті соманы толық төлеп, оған баспана мен тұрмысқа жарататын қаржы сыйлады. Ауруханадағы кездесудің видеосын ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Әлішер анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Ауыр дерт олардың өмірін түбегейлі өзгерткен.
«Төрт жылдан бері осы дертпен күресіп келемін. Егер шетелде бауыр ауыстыру отасын жасамасам, бірнеше апта ғана өмірім қалғанын, дәрігерлер жасырмай айтты. Операция құны – 80 миллион теңге. Менің жалғыз арманым – осы ауыр дерттен жазылу», – дейді Әлішер.
Шарасыз қалған жігіт әлеуметтік желі арқылы «Бетпердедегі адамға» видеоүндеу жолдап, көмек сұраған. Ақ худи мен қара маска киген меценат көп күттірмей келіп, оған конверт ұстатқан.
«Сіз өз сынағыңызды абыроймен өткеріп жатырсыз. Жаратқан сізге жол нұсқасын. Мұнда емге арналған толық сома бар. Сонымен қатар өз ісіңізді бастауға да мүмкіндік аласыз. Енді сіздің өз пәтеріңіз болады», – дейді бетпердедегі жомарт жан.
Эмоциясын жасыра алмаған Әлішер көзіне жас алып, жұмбақ блогерге алғысын білдірді. Енді ол бауыр ауыстыру отасын жасатып, жаңа өмір бастауға үміттеніп отыр.
«Бетпердедегі адам» кейінгі жылдары көп адамға көмек көрсетті: операция ақысын төлеп, қарызын жауып, баспана сыйлаған. Ол ел арасында «плащы жоқ қазақстандық суперқаһарман» атанып кеткен. Әлеуметтік желілерде кей қолданушылар бұл тұлғаның артында Димаш Құдайберген тұруы мүмкін деп болжайды. Алайда белгілі әншінің өзі бұл туралы ешқандай пікір білдірмеген.