Жаңа жолақ: кептелісте жол ортасына тұрып алатындар айыппұл арқалайды

Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және кептелістерді азайту мақсатында жаңа жолақтар пайда болды. Қалалық көлік қозғалысын және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру басқармасы Полиция департаментімен бірлесіп, он ірі қиылыста сары жолақтар (1.28 белгісі) сызды.
Бұл жолақтар жүргізушілердің реттелетін қиылыстарда тоқтау ережесін бұзбауына бағытталған. Егер көлік жүргізушісі сары аймаққа кіріп, кептеліс кезінде қиылыстың ортасында тоқтап қалса, көлденең бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіреді және ӘҚБтК-нің 594-бабына сәйкес айыппұл салынады.
Жолақтар келесі қиылыстарда пайда болды: Абай – Назарбаев, Абай – Масанчи, Абай – Брусиловский, Абай – Момышұлы, Абай – Тұрғыт Озал, Абылай хан – Бөгенбай батыр, Сәтбаев – Наурызбай батыр, Сәтбаев – Жароков, Жандосов – Жароков және Розыбакиев – Төле би.
Сонымен қатар, бұл аумақтарға фото және бейнебақылау камераларын орнату бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, тәжірибе қаладағы басқа көшелерге де енгізіледі.