Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Наталья Богданова World Boxing тізімінде көш бастады

World Boxing халықаралық федерациясы ерлер мен әйелдер арасындағы алғашқы әлемдік рейтингті жариялады. Бұл тізімде әйел боксшылар арасында Назым Қызайбай,Аида Әбікеева, Наталья Богданова өз салмақ дәрежесінде көш бастап тұр. Алуа Балқыбекова 51 кг салмақта екінші орынға табан тіреген.
Бұл – World Boxing ұйымы жариялаған алғашқы ресми рейтинг. Жаңа тізім бойынша Өзбекстан жалпыкомандалық есепте бірінші болса, Қазақстан екінші орынға жайғасты. Рейтинг 20 салмақ дәрежесі бойынша жасалып, әр елден үздік боксшылар анықталған.
Орын | Ел | Топ бестіктегі боксшылар саны |
---|---|---|
1 | Өзбекстан | 12 (7 ер, 5 әйел) |
2 | Қазақстан | 11 (6 ер, 5 әйел) |
3 | Түркия | 8 |
4 | Бразилия | 7 |
5 | Қытай | 6 |
Өзбекстан құрамасының 12 боксшысы әлемнің үздік бестігіне енген. Олардың жетеуі – ер, бесеуі – әйел. Қазақстанның 11 өкілі топ-5 қатарына кірді (6 ер, 5 әйел) Сондай-ақ, Англия, Үндістан және Жапониядан да бес боксшы үздіктер қатарына енген.
Әлемдік рейтингте кім бірінші?
Әйелдер арасында әлемдік рейтингтің көшбасшысы – Польша өкілі Юлия Шеремета (57 кг). Ол 2025 жылғы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жинаған 2075 ұпайымен бірінші орынға шықты.
Ал Назым Қызайбай (51 кг) 1750 ұпаймен 4-орынды иеленді.
Ерлер рейтингінде 3000 ұпаймен өзбек Абдумалик Халоков (60 кг) пен Асадхуджа Муйдинхуджаев (65 кг) бірінші орында тұр.
Әлемдік рейтингте азақстандықтар арасынан ең жоғары нәтиже көрсеткен – Айбек Оралбай. Ол аса ауыр салмақта (90+ кг) 2025 ұпай жинап, әлемдік рейтингте 4-орынға шықты. Сонымен қатар Санжар Ташкенбай (50 кг) және Махмуд Сабырхан (55 кг) да үздік бестіктен орын алды (1650 ұпайдан).
Жеке салмақ дәрежелері бойынша көшбасшылар
Қазақстанның жеті спортшысы өз салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленді. Оның ішінде төрт ер (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай) және үш әйел боксшы (Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Наталья Богданова) бар. Өзбекстан алты салмақта топ бастап тұр.