Астанада сот ғимаратында арбаға арналған көтергіш сынып, мүгедек әйел жарақат алды

Астанадағы азаматтық істер жөніндегі сот ғимаратының алдында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш құрылғы опырылып түсті. Сол сәтте көтергішпен жоғары көтеріліп бара жатқан арбадағы әйел құлап,бетон қоршауға бетпен түскен Бұл туралы журналист Айнұр Балакешова «Қарағанды патриоты» аккаунтында хабарлады.
Журналистің айтуынша, оқыс жағдай сот ғимаратының кіреберісінде болған. Арбаға арналған арнайы құрылғы жұмыс істеп тұрғандай көрінгенімен, әйел ішке көтерілген сәтте, аяқ астынан бекітпелері босап кеткен. Қасында болған көмекшісі әйелді ұстап үлгере алмай қалған.
Құлаған әйелдің беті жарақаттанып, гематома алған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Айнұр Балакешова мәлімдегендей, зардап шеккен әйел – бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат.
Ол кезінде «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеп жүргенде омыртқа жарақатын алған. Емдеу шығындарының бір бөлігін жұмыс беруші өтегенмен, қалғанын өндіріп алу үшін әйел сотқа жүгінген екен.
«Бүгін ол сот отырысына өз құқығының қорғалуын талап ету үшін келген болатын. Алайда әділдік іздеп келген жерінде денсаулығына тағы да зиян келді», – деп жазды журналист.
Бұған дейін Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін балағаттап, ұрып-соққан еркектің әйеліне де қатысты қылмыстық іс қозғалған.