Қазақстан өз газын Орынбордан үш есе қымбатқа сатып алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Орынбор газ өңдеу зауыты / фото: REUTERS/Alexander Manzyuk
Орынбор газ өңдеу зауыты / фото: REUTERS/Alexander Manzyuk

Бір күн бұрын, 19 қазанда Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауыты дрондар шабуылына ұшырап, Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл зауыт шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды Қазақстанға үш есе қымбат бағаға сатып отыр.

Орынбор және Қазақстан

Орынбор газ өңдеу зауыты (Орынбор ГӨЗ) – әлемдегі ең ірі газ өңдеу кешендерінің бірі. Ресейдің «Газпром» компаниясына қарасты зауыт 1974 жылы құрылған. Мұнда тазартылған газ, сұйық көмірсутектер (пропан, бутан), гелий және басқа да химиялық заттар шығарылады.

Қазақстанмен серіктестік күшейген тұста зауыт қарқынды дамыды. 2006 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері Орынбор ГӨЗ базасында шаруашылық қоғам құруға келісті. Соның арқасында қазақ газын өңдеуді реттейтін «ҚазРосГаз» компаниясы пайда болды.

Қазақстанда шикізат көп, бірақ оны өңдейтін кәсіпорын аз. Сол себепті Қарашығанақ мұнай-газ кен орнында өндірілетін 8-9 млрд текше метр шикі газ дәл осы Орынбор ГӨЗ-ге қарай жөнелтіледі. Зауытта өңделген газдың шамамен 40%-ы Қазақстанға қайтады. Қалған Ресей мен Еуропа нарықтарына түседі.

Үш есе қымбат бағаға сатылады

Мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов ENERGY MONITOR телеграм-арнасында газ саудасына қатысты бағалар туралы мәлімет жариялады.

«ҚазРосГаз (ҚМГ мен Газпромның бірлескен кәсіпорыны) жыл сайын Қашағаннан 8 млрд текше метр шикі газды әр 1000 м3 үшін шамамен 20 доллардан сатып алып, өңделген газды Қазақстанға – QazaqGaz қайтадан 60 долларға сатады», – деп жазды мұнай сарапшысы.

Мәліметке қарағанда, Қазақстан өз жерінде өндірілген көгілдір отынды көрші елден үш есе қымбат бағаға қайта сатып алып отыр. Дегенмен Жұмағұлов газ бағасының басым бөлігі оны өңдеу шығынынан тұратынын атап өтті.

Жұмағұловтың мәліметінше, жақында баға қайта қаралған. Көрші елдер Орынборға шикізат жеткізу жөніндегі келісімді тағы 20 жылға созған.

«QazaqGaz қайтадан сатып алатын газ бағасы өсетіні анық», – дейді маман.

Қазақстанда неге өңделмейді?

Республикадағы газ өңдеу зауыттары (мысалы, Теңіз ГӨЗ немесе Қазақ ГӨЗ) әзірге толық қажеттілікті қамтуға қабілетсіз. Бір жылда 4 млрд текше метр газ өңдей алатын жаңа зауыт құрылысы туралы әңгіме үш жылдан бері талқыланып келеді, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

«Орынбор ГӨЗ газ шикізатын қабылдауды ұзақ уақытқа тоқтатса, акционерлер өзімізде ГӨЗ салуға шешім қабылдайтын шығар?» – деген сауал тастады Жұмағұлов.

Оның пікікірінше, инвесторларға 5 млрд долларға жаңа зауыт салғанша, Орынборға газ жеткізе берген тиімдірек.

«Алайда Украина Орынбор ГӨЗ-дің тиімсіз тұстарын көрсетіп берді. Өйткені Украина 2025 жылғы қаңтардан бастап Орынбордан газ өткізуді тоқтатқан», – дейді мұнай сарапшысы.

Ресейге тәуелділік

Қазақстанның энергетика саласының Ресейге қаншалықты тәуелді екенін Украинадағы соғыс анық көрсетіп берді. Жыл басында украин дрондары Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) шабуылдап, Ресей аумағындағы станциялардың бірін істен шығарған уақытта, тағы да Қазақстан зардап шекті. Өйткені республикада өндірілетін мұнайдың 80%-ы дәл осы құбыр арқылы Батысқа экспортталып отыр.

Орынбор ГӨЗ-ге жасалған шабуылдан кейін кәсіпорынның Қазақстаннан шикізат қабылдауын уақытша тоқтатқаны мәлім болды. Қазақстан энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, ел ішіндегі тұтынушыларға газ уақытылы жеткізіліп отыр.

Зауыттағы өрт салдары ауыр болып, кәсіпорын ұзақ уақыт Қазақстаннан шикі газ қабылдамай қойса ше? Сол кезде елдің батыс өңірлері газ тапшылығын көрмей ме? Ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ жергілікті министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз