Қазақстан көлік кептелісі бойынша әлемдік рейтингте 44-орында тұр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архивінен

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан Numbeo рейтингінде жол қозғалысы индексі бойынша 89 елдің ішінде 44-орынға ие болды. Елдің индексі – 136,3. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жолдағы жағдай соғұрлым күрделі дегенді білдіреді. Бұл туралы Kursiv.media finprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жол қозғалысы индексі көлік жүйесінің кешенді бағасын көрсетеді. Оған жолға кететін орташа уақыт, жолаушылардың сапарға көңілі толмауы, көмірқышқыл газ шығарындылары және жол инфрақұрылымының жалпы тиімсіздігі сияқты факторлар кіреді.

Қазақстанда жолға кететін орташа уақыт – 35,8 минут. Көлік жүйесінің тиімсіздік индексі – 141,3, бұл жеке автокөліктердің қоғамдық көлікке қарағанда жиі қолданылатынын және жұмысқа ұзақ уақыт жүріп баратынын көрсетеді. Күніне бір жолаушыға шаққандағы көмірқызқыл шығарындылары 3942,5 граммға жеткен.

Numbeo рейтингіндегі қазақстандық қалалар

Әлемнің ірі қалалары рейтингінде Астана мен Алматы да бағаланды. Астана 335 қаланың ішінде 197-орынға жайғасып, индексі 128,3-ті құрады. Жолға кететін орташа уақыт – 34,3 минут, көлік жүйесінің тиімсіздік индексі – 92,4, ал CO₂ шығарындылары – күніне 3958,7 грамм.

Алматы одан жоғарырақ, 117-орынға орналасқан, бұл қаладағы жол қозғалысы жағдайының күрделірек екенін көрсетеді. Индекс – 154,6, ал жолға кететін орташа уақыт – 39,4 минут.

Жол қозғалысы ең қиын қалалар ретінде Лагос (Нигерия), Сан-Хосе (Коста-Рика), Лос-Анджелес (АҚШ), Шарджа (БАӘ) және Коломбо (Шри-Ланка) танылды. Ең қолайлы жағдай Тарту (Эстония), Сплит (Хорватия) және Баня-Лука (Босния және Герцеговина) қалаларында тіркелді.

Әлемдік рейтингте ең нашар көрсеткіштер Нигерия, Коста-Рика, Шри-Ланка, Бангладеш және Кения елдерінде тіркелген. Ең жақсы жағдай Эстония, Австрия және Финляндияда байқалған.

Қазақстан ТМД елдері арасында…

  • Ресей – 19-орын,
  • Әзербайжан – 27-орын,
  • Украина – 37-орын,
  • Қазақстан – 44-орын,
  • Беларусь – 63-орын,
  • Армения – 71-орын.

Қазақстандағы көлік инфрақұрылымы мен инвестициялар

Қазақстанда көлік-логистика жүйесінің мәселелері өзекті болып қалып отыр және оларды шешу үшін ауқымды инвестициялар қажет. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында автомобиль және теміржол құрылысына салынған инвестициялар көлемі 35,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 65,2%-ға артқан.

Инвестициялардың негізгі бөлігі 33,4 млрд теңге, ол кәсіпорындардың меншікті қаражатынан бөлінген. Банктік кредиттер көлемі 3,5 есеге артып, 1,4 млрд теңгеге жетті.

Ең көп инвестиция тартылған өңірлер: Ақтөбе облысы – 11,8 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы – 7 млрд, Қарағанды облысы – 2,8 млрд. Сондай-ақ үздік бестікке Абай облысы (2,2 млрд) мен Павлодар облысы (1,8 млрд) кірді. Бұл өңірлер саладағы барлық инвестицияның 71,5%-ын құрады.

Қазақстанда автокөлік саны өсіп келеді

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 6,8 млн көлік тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,6%-ға көп. Оның ішінде:

  • 5,9 млн – жеңіл автомобиль,
  • 639,2 мың – жүк көлігі,
  • 118 мың – автобус,
  • 135,3 мың – мотоцикл.

Ең көп көлік тіркелген өңірлер:

  • Алматы қаласы – 797,2 мың,
  • Алматы облысы – 723,9 мың,
  • Астана қаласы – 512,4 мың,
  • Қарағанды облысы – 414,3 мың,
  • Түркістан облысы – 413,4 мың.

Ең аз көлік тіркелген өңірлер:

  • Ұлытау облысы – 35,8 мың,
  • Абай облысы – 94,6 мың,
  • Жетісу облысы – 113,6 мың.

Сонымен қатар, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген 148,3 мың көлік, дипломатиялық нөмірлі 59,2 мың көлік және тіркеу өңірі көрсетілмеген 333,4 мың автокөлік әлі де бар.

Сондай-ақ оқыңыз