«Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданады

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін және «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын қайта іске қосу жоспарын талқылады. Бұл жайлы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Министр жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқаты ведомствоның басым бағыттарының бірі екенін, сондай-ақ тұрғын үй бағасының қымбаттауы жағдайында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қолжетімділіктің ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес», – деді Қосанов.
Министрдің сөзінше, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Ол ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені және бастапқы жарнаны төмендету, сондай-ақ екінші нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайта енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, көптеген әскери қызметкер қызмет орнына жақын орналасқан, дайын жөндеуі бар және инфрақұрылымы дамыған пәтерлерді қалайды.
Дәурен Қосанов «Отбасы банк» басшылығына мобильді қосымшадағы ақауларды жедел шешкені үшін алғыс білдіріп, оның толық функционалының жақын уақытта қалпына келтірілетініне үміт білдірді.
Бұдан бөлек, министр «Baspana.kz» сайтында жарияланған жалдамалы тұрғын үй рәсімдеу ережелеріндегі жаңа талаптарға назар аударып, олардың әскери қызметкерлер үшін қосымша қиындық туғызатынын айтты.
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, 15 мыңнан астам әскери отбасы ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» аясында тұрғын үй жағдайын жақсартқан.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастырып, әскери қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Еске сала кетейік, бұған дейін енді әскерде қызмет еткен қазақстандықтар «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы аясында Отбасы банк арқылы төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй сатып ала алатынын жазған едік.