Википедия ЖИ кесірінен аудиториясын жоғалтып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Пайдаланушылар сұрақтарын Википедиядан емес, ЖИ функциясы бар іздеу жүйелері арқылы жауап алуда / Фото: habr.com

Википедияға кірушілер саны айтарлықтай азайды. Өткен жылмен салыстырғанда сайт аудиториясының шамамен 8%-ын жоғалтқан. Дүниежүзіндегі ең танымал ресурстардың бірі саналған платформа үшін бұл — алаңдарлық мәселе. Wikimedia қорының басшылығы мұның басты себебі жасанды интеллекті қолданудың күрт өсуінде деп пайымдап отыр.

Қазір пайдаланушылар сұрақтарына тікелей Википедиядан емес, ЖИ функциясы бар іздеу жүйелері мен чат-боттар арқылы жауап алуда. Мысалы, адам Google немесе ChatGPT-ке бір деректі сұрағанда, оған жауап сілтемеге өтпей-ақ, тікелей көрсетіледі. Жауап көбіне Википедия мәліметтері негізінде жасалады, бірақ қолданушы мұны байқамауы да мүмкін. Яғни, жасанды интеллект адам мен энциклопедия арасындағы делдалға айналып, трафиктің басым бөлігін өзіне тартып алды.

Ал википедия үшін бұл жай ғана статистика емес, қаржылық тұрақтылыққа төнген нақты қауіп. Жоба тек қолданушылардың ерікті қайырымдылық көмегімен қаржыландырылады десе де болады. Сондықтан сайтқа кіретіндер азайған сайын, оны дамытуға түсетін қаражат та азаяды. Қазірдің өзінде Wikimedia қоры қаржы мәселесін, сондай-ақ күн сайын мақалаларды түзетіп, тексеріп отыратын еріктілер қауымдастығының, модераторлардың және серверлердің тұрақты жұмысын қалай қамтамасыз етуге болатынын талқылап жатыр.

Ендігіде википедия жасанды интеллектіге ғана емес, адамдарға да сенімді ақпарат көзі екенін еске салу мақсатында PR-кампания дайындап отыр. Сонымен қатар, тілдік модельдерді үйрету үшін контентті автоматты түрде жүктейтін боттардың қолжетімділігін шектеу секілді техникалық шаралар да қарастырылуда.

Wikimedia басшылығы жасанды интеллектіге қарсы емес екенін, керісінше, білім таратудағы оның құндылығын мойындайтынын атап өтті. Бірақ ұйым технологиялық компаниялардан авторларға құрмет көрсетуді, бастапқы сілтемелерді қалдыруды және энциклопедия инфрақұрылымын қолдауға қатысуды талап етеді. Өйткені ЖИ дамып жатқанымен, интернетті нақты деректермен, тексерулермен және мағыналы контекспен толтырып отырған әлі де адамдар.

Айта кетейік, америкалық OpenAI Broadcom Inc компаниясымен бірігіп, жасанды интеллект (ЖИ) чиптерін өндіруді бастамақ.

Сондай-ақ оқыңыз