ЕуроОдақ Ресей газынан бас тартты: шешімнің Қазақстанға әсері бар

Еуропа одағының кеңесі Ресей газынан бас тарту туралы жоспарды бекітті. Құжатқа сәйкес, ұйым елдері жоспарды біртіндеп жүзеге асырып, 2028 жылға дейін ресей газын импорттауды тоқтатады.
Кеңес мәлімдемесінде шектеу 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Еуропа Ресей газынан бірден бас тартпайды. 2025 жылғы 17 маусымға дейін жасалған келісімшарттар бір жыл, ал ұзақ мерзімді келісімдер 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болады. Содан кейін ұйым елдері Ресей газын тұтынуды біржолата тоқтатады.
Еуропа мұндай стратегияны 2025 жылдың көктемінен бері талқылап келді. ЕО комиссиясы осындай ұсынысты биыл 6 мамырда ұсынды. Мұндай шешім Украинадағы соғысқа қатысты санкциялар аясында қабылданып отыр.
Ресей газының 40%-ын Еуропа елдері сатып алып жүрген еді. Соғыс басталғалы бері ұйым елдері көгілдір отын импортынан біртіндеп бас тартып келді.
Қазақстанға әсері қандай?
Мұндай шешім Қазақстанның да энергетика саласына тікелей әсер етеді. Өйткені қазақ газының бір бөлігі Ресейде өңделіп, экспортталады.
Мәселен, Қарашығанақ кен орнынан шығатын газ Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытында (Орынбор ГӨЗ) өңделеді. Осы зауытқа жылына 8-9 млрд текше метр шикі газ жеткізіледі. Оның бір бөлігін Қазақстан үш есе бағамен кері сатып алса, қалғаны Ресей мен Батысқа экспортталады. Енді Қазақстанның газ экспорты кемитін болды.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қазанда дрондар шабуылынан Орынбор ГӨЗ өртеніп, Қазақстаннан шикі газ алу уақытша тоқтады.
Дегенмен мұндай шешімнің Қазақстан үшін тиімді тұстары да бар. Еуропа Ресей газынан толық бас тартқан уақытта, қазақ газы үшін жаңа экспорт жолдары ашылуы мүмкін. Транскаспий жобасы рақылы көгілдір отын Әзербайжанға, одан әрі Түркияға жеткізіледі.
Оның үстіне, Ресей де өтпей қалған газды басқа бағыттарға бұрады. Көгілдір отын республика аумағынан өтсе, Астана транзит ақысын алып отырады. Мәселен, Өзбекстанға тасылатын газ үшін Қазақстан да пайда тауыр отыр.