
Ұлттық банк 3-5 жылға арналған кепілсіз кредит бойынша қарыз ауыртпалығын 0,25 коэффициентке дейін шектеуді көздеп отыр. Қадағалаушы банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев депутат сауалына осылай деп жауап берді. Kursiv.Media жаңа тәртіпке сай несие беру тәртібі қалай өзгеретінін қарапайым тілмен түсіндіріп береді.
Жаңа тәртіп
Енді азаматтардың кредит бойынша берешегі айлық табысының 25%-нан асып кетсе, оған несие берілмейді. Жаңа ереже қабылданса, тұрғындар жалақысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде ғана несие ала алады деген сөз.
«Үш жылдан бес жылға дейін кепілсіз кредит алушылардың несие берешегі 0,25 коэффициенттен аспауы керек. Бұған қоса, кейінгі 12 айда 90 күннен көп кешіктірген азаматтарға да шектеу енгізіледі», – деп жауап берген топ-менеджер.
Қазіргі таңда мұндай коэффициент 0,5 деп белгіленген.
Кредит көлемін қалай есептеуге болады?
Ұлттық банк енгізгелі отырған жаңа шектеуді ескере отырып, кредит көлемін есептеп шығайық.
Егер сіз 3-5 жылға кепілсіз (үй, көлік және басқа да мүлік) кредит алғыңыз келсе, банктер және басқа да қаржы мекемелері ай сайынғы табысыңыздың көлемін ескереді. Бір айда төленетін несие табысыңыздың 25%-нан асып кетпеуі тиіс.
Қарапайым мысал:
- Сіздің айлығыңыз 100 мың теңге делік. Жаңа ережеге сай, кредит бойынша бір айдағы төлеміңіз 25 мың теңгеден аспауы керек (қазір 50 мың теңге);
- Егер банк сізге үш жылға 5 млн теңге кредит берсе, ай сайынғы төлеміңіз шамамен 29 800 теңге болады – бұл артық! Сондықтан банк несие бермеуі мүмкін. Ал 3,5 млн теңге кредитке бір айдағы төлеміңіз 20 860 теңге болады – бұған рұқсат етіледі.
20% мөлшерлемемен есептелген кестеге қараңыз:
Жалақы | Ең жоғарғы төлем шегі (25%) | 3 жылға (36 ай) Кредит мөлшері | 5 жылға (60 ай) Кредит саны |
---|---|---|---|
100 000 теңге | 25 000 теңге | 6,2 млн теңге | 9,1 млн теңге |
200 000 теңге | 50 000 теңге | 12,4 млн теңге | 18,2 млн теңге |
50 000 теңге | 12 500 теңге | 3,1 млн теңге | 4,5 млн теңге |
300 000 теңге | 75 000 теңге | 18,6 млн теңге | 27,3 млн теңге |
Ұлттық банк мұндай шешімді не үшін қабылдайды?
Қадағалаушы мекеме азаматтардың қарызға батып, қиындыққа ұшырамағанын қалайды. Мәселен, ел азаматтарының жартысының несиесі бар, бірақ олардың 10%-ы оны төлей алмай тұр.
Мұндай әдісті инфляция өсімін тежеу үшін де қолданады. Азаматтардың бәрі жаппай несие алып кетсе, ақша құнсызданады.
Жаңа тәртіптен кейін қарыз алушы адамдар азаяды. Бірақ кредит көлемі кемігендіктен, қымбат зат салып алу қиынға соғады.