Медицина мамандары дабыл қақты: томотерапияны қаржыландыру тоқтады

Қазақстанда бюджетті қысқарту үрдісі медицина саласында да көрініс берді. Биыл 1 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі томотерапияны жоғары технологиялық қызметтер тізімінен алып тастаған. Ведомствоның тиісті бұйрығы осы саланың мамандарын, ауыр дертке шалдыққан қарапайым азаматтарды қатты алаңдатып отыр. Себебі олар онкологиялық науқастар өмірлік маңызды емнен қағылады.
Министрліктің бұйрығына сәйкес, томотерапия әдісімен емдеуге арналған бюджеттік қаржыландыру іс жүзінде тоқтатылған. Бұл – онкологиялық ауруларды, соның ішінде балаларды емдеуде қолданылатын дәлді радиациялық сәулелендірудің бірегей технологиясы. Бұйрық күшіне енгеннен кейін томотерапия клиникалық-шығындық топтар (КШТ) бойынша төленетін қызметтер санатына ауыстырылған. Алайда жаңа жүйе бойынша төлем мен мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі бекітілмеген.
Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Үміт» Халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы ЖШС директоры Ерлан Шаяхметов осының салдарынан 57 науқас, оның ішінде 7 онкологиялық ауруы бар бала шұғыл түрде орталықтан шығуға мәжбүр болғанын айтады. Орталық олардың емін өз қаражаты есебінен төлеуді тоқтатқан, ал 6 қазаннан бастап мәселе министрлік деңгейінде шешілмей, тегін медициналық көмек шеңберінде төленетін қызметті толық тоқтатуға мәжбүр еткен.
«Біздің орталықта ақылы қызметке шамасы келгендер ем-домын аяқтады. Құрылтайшылармен ақылдаса келе 1,5-2 жасар балаларды мекеменің өз қаражаты есебінен тегін емдеуге қалдырдық. Біздің орталық 2019 жылы жеке инвестициямен ашылған. Мемлекет тариф бөліп, орталықтың ем-домы жоғары технологиялық көмек ретінде мойындалған. Онкологиялық аурулардың не екенін білесіздер. Әлемдік тәжірибені қарасақ, онкоауру алғаш анықталған пациенттердің 70% сәуле терапиясына мұқтаж болады. Қазіргі таңда бұл қызметпен Қазақстанда науқастардың тек 35% қамтылған. Бұл өте аз көрсеткіш. Сол үшін жеке инвесторлар көмектесіп жатыр. Біреудің анасы, біреудің баласы ауырады. Америкалық Accuray технологиясының құрылғысын әкеліп, ғимаратты салып, медициналық физиктерді тартып ашқанбыз. АҚШ пен Үндістанда оқығарн жоғары санатты мамандарды қазір науқастарды емдейді. Осыған дейін екі рет халықаралық GSI стандартынан өттік», – дейді Ерлан Шаяхметов.
Бірақ Ерлан Шаяхметов 1 қазаннан бастап орталықтың орасан зор жоспарының, ем-домның жаңа әдістемелерін енгізудің бәрін тоқтатуға тура келгенін мәлімдеді. Оның үстіне мемлекеттен бөлінетін тарифтің арқасында орталық осы күнге дейін науқастарға тәулігіне төрт рет тамақ беріп, қызметкерлердің айлығын беріп, орталықты ұстап тұрған. «Үміт» орталығынан амалсыз кеткен науқастар бүгінгі таңда елдегі басқа онкологиялық орталықтарға кезекке тұруға мәжбүр болған.
«Қайран қалып отырмын»
Баспасөз конференциясына сонымен қатар, Ресейдегі Д.Рогачев атындағы балалар гемотологиясы, онкология және иммунология ұлттық медицина орталығының сәуле терапиясы бөлімшесінің басшысы Алексей Нечеснюк те сөз сөйледі. Ол балаларды емдейтін маман.
«Мен естіген осы ақпаратқа таңғалдым. Мәселен, өткір лейкозға шалдыққан балалар болады. Оған шалдыққан балалардың дұрыс емделсе, 60% емделіп шығады. Біз өз орталығымызда кемік майының тұтас жүйесін сәулемен емдейміз. Бұл әдістемені рентген жылдамдатқышпен іске асыруға мүлде болмайды. 640 пациенттің ішіндегі балаларды осы әдістемемен емдедік. Ол балалардың бәрі өлуі тиіс еді. Бірақ кемік майының тұтас жүйесін сәулемен емдеген кезде балалардың 60% аман қалды. Енді осы балаларды Қазақстанда тірі қалу мүмкіндігінен айырғалы отыр. Соған қайран қалып отырмын», – дейді Алексей Нечеснюк.
«Біз болмасақ та, басқаның жолы болса екен»
Жиын барысында онкологиялық ауруға шалдыққан Серік Доскенов атты азамат та пікірін айтты. Оны орталықта әдетте, түстен кейін шақырып емдейді екен. Әуелі «бұл неге олай?» деген сұрақ туындаған. Бір күні орталыққа ертерек анализ тапсыруға келген кезде таңертеңнен түске дейін балалар емделіп жатқанын көрген. «Соны көргенде жүрегім ауырып кетті» дейді зейнеткер.
«Конституцияның қателеспесем 29-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулығын сақтауға құқығы бары, азаматтар заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы екені жазылған. Ол аз десеңіз, мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі. Қазір қаржыландыруды тоқтатып, көп адамға қауіп төндіріп отыр. БАҚ өкілдерінен сұрайтынымыз – осы көмекті жалғастырса екен дейміз. Әйгілі бард Высоцкийдің «мен болмасам да, басқаның жолы болса екен» деген өлең жолдары бар. Басқаның жолы болса екен, адамдар аман болса екен», – дейді Серік Доскенов.
Орталыққа Денсаулық сақтау министрлігі бюджетті үнемдеу шеңберінде осындай шешім қабылданып жатқанын хабарлаған. Алайда баспасөз мәслихатына қатысушылар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қолжетімді ету үшін томотерапияны ЖТМК тізіміне қайтаруды, жеке медициналық ұйымдардың шығындарын ескере отырып, томотерапияға ашық тариф белгілеуді, 2025 жылдың 4-тоқсанына мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі мен мерзімдерін анықтауды, жабдықты сервистік қызмет көрсету және амортизация шығындарын өтеу мәселесін шешуді талап етеді.