Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында үздік ойыншы атанды

UEFA Чемпиондар лигасының кезекті турында қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбеков Sofascore нұсқасы бойынша 10/10 рейтинг алып, «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы кездесуде үздік ойыншы атанды.
Алматылық клуб өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнап, Чемпиондар лигасындағы алғашқы тарихи ұпайына қол жеткізді.
Темірлан Анарбековтың матчтағы көрсеткіштері:
- 5 сэйв (соққыны қайтару)
- 2.29 мүмкін голдан құтқарған
- 1 қауіпті шабуылды сәтті қайтарған
Осы көрсеткіштердің арқасында Темірлан Чемпиондар лигасы тарихында 10 балл алған алғашқы қазақстандық ойыншы атанды.
«Темірлан Анарбеков – UEFA Чемпиондар лигасындағы мінсіз баға алған алғашқы қазақстандық футболшы» – деп жазды SofaScore басылымы.
Сол турда дәл осындай бағаны тек қана «Барселона» жартылай қорғаушысы Фермин Лопес алды.
Еске сала кетейік, биыл «Қайрат» футбол клубы өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Іріктеу кезеңінде Шотландиялық «Селтикке» қарсы ойында 0-0 есебі тіркеліп, сол ойында Темірлан Анарбеков шотландиялықтардың үш бірдей пенальти соққыларын қайтарып, командасын Чемпиондар лигасына шығарған еді.
Бұған дейін Темірлан Анарбековтің футболға қалай келгені, балалық шағы мен кәсіби мансабының қалыптасуы туралы жазған едік.