Теңізде өндірілетін мұнай Баку-Жейхан құбыры арқылы да тасымалданады

Қазақстанның Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай қарашадан бастап Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыры арқылы да тасымалдана бастайды. Бұл туралы Reuters бірнеше дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
2025 жылғы маусым айында Әзербайжанның БТЖ құбыры арқылы тасымалданған мұнайы лас екені анықталған. Сол кезде осы құбырмен мұнай айдау бірнеше күнге тоқтаған. Теңізде мұнай өндіретін Теңізшевройл (ТШО) да осы бағытпен мұнай тасуды жазда доғарған.
Қазақстан қыркүйек айында қайтадан Жейхан бағытында мұнай айдай бастады. Алайда Теңізде өндірілетін мұнай оған қосылмаған.
Reuters дереккөздерінің бірінің хабарлауынша, қараша айында консорциум 130 мың тонна (1 млн баррельден астам) мұнайды осы құбырмен айдауды көздеп отыр.
Қазақстан БТЖ құбырын энергетика саласында Ресейге тәуелділікті азайту мақсатында пайдаланып отыр. Себебі елде өндірілетін мұнайдың 80%-дан астамы Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы Батысқа экспортталып жүр.
Әдетте Қазақстан Теңізде, сонымен бірге Қашағанда өндірілетін мұнайды Ақтау портындағы танкерлермен БТЖ құбырына жеткізеді.
Әзербайжанның ресми мәліметінше, БТЖ құбыры арқылы мұнай тасу 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 20,569 млн тонна дейін төмендеген. Былтыр осы уақытта 21,681 млн тонна мұнай айдалған.