Жантүршігерлік жол апаты: Ақтөбе облысында 12 адам көз жұмды

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты болды. Оқиға Самара – Шымкент тас жолының Белқопа ауылы маңында тіркелген.
Полицияның мәліметінше, DAF маркалы жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі соқтығысқан. Мәліметке сәйкес, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
«23 қазан күні Самара – Шымкент автожолында, Белқопа елдімекенінің маңында, жүк көлігі DAF пен жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗель» көлігі соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарама-қарсы жолаққа шығып кеткен. Жол апаты салдарынан оқиға орнында екі жүргізуші мен «ГАЗельдің» 10 жолаушысы көз жұмды», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға салдарынан тағы 5 адам ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Белгілі болғандай, «ГАЗель» ресми түрде Жүргенев ауылынан Ақтөбе қаласына жолаушылар тасымалдаумен айналысқан.
Қазір оқиға орнында полиция мен төтенше жағдай қызметі жұмыс істеп жатыр. Апаттың нақты себебі анықталып жатыр.