Өзбекстан Қазақстаннан 60 млн долларға сұйық май сатып алмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Май өндірісі
Өзбекстан Қазақстаннан 60 млн долларға май сатып алады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өзбекстан 60 млн долларға Қазақстаннан сұйық май сатып алмақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ташкентте «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Өзбекстанның «Fayz Oil Imports» ЖШҚ компаниясы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған.

Келісім аясында өзбек компаниясы бір жыл ішінде Қазақстандағы Қауымдастыққа мүше өңдеу кәсіпорындарынан 60 млн АҚШ долларына май-тоңмай өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр.

Өзбекстан қазақстандық май-тоңмай өнімдерінің ең ірі бес импорттаушысының қатарына кіреді. 2024–2025 жылдар аралығында Қазақстан бұл елге өсімдік майы мен жоғары ақуызды мал азығын (шрот пен күнжара) 349 млн доллар көлемінде экспорттады. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 82%-ға артық.

Соңғы жылдары Қазақстан Орталық Азия елдеріне өсімдік майы мен майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін экспорттау бағытында көшбасшылық позициясын нығайтып келеді. Елдің өнімдері Өзбекстан мен Тәжікстан нарығында негізгі жеткізілім көзінің біріне айналды.

Мәселен, Өзбекстан нарығындағы қазақстандық майдың үлесі 2017 жылғы 13%-дан 65%-ға дейін өсті. Ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш 15%-дан 74%-ға жеткен. Бұдан бөлек, Қазақстан өңір елдерін құс және мал шаруашылығында кең қолданылатын күнбағыс шроты мен күнжарасымен тұрақты қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақстанның май-тоңмай өнімдері халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие және экспорттық әлеуеті зор. Біз бүгінде өнімімізді 20-дан астам елге жеткіземіз. Қазақстаннан экспортталатын күнбағыс майының көлемі Орталық Азия елдерінің жалпы импортынан 1,5 есе жоғары. Қажет болған жағдайда біз бұл нарықты толықтай қамтамасыз етуге қауқарлымыз», — деп хабарлады Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы.

Қазақстанда биыл майлы дақылдарды өңдеу көлемі артып, нәтижесінде өсімдік майының өндірісі 24%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз